Шығысқазақстандық Азия чемпионы Данияр Қайсанов қыркүйектің 14-22 аралығында Нұр-Сұлтан шаһарында өтетін күрес түрлерінен әлемдік додада ел намысын қорғайды, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.
Барша жанкүйер дүбірлі додада Ұлттық құрама сапында кімдер өнер көрсетеді деп тағатсыздана күтіп жүргендіктері анық. Алғаш болып kaz_wrestling.team парақшасы Көкпекті ауданының тумасын 74 келіде елорда боз кілемінде бақ сынайтынын хабарлады. Мұндай шешімнің қабылдануы бірнеше тараптан құп саналды деуге болады. Біріншіден, Даниярдың спорттық бабы. Қытай жерінде өткен Азия чемпионатында қанша белдесу өткізсе де шама-шарқын бақылауда ұстай білетіндігін жалпақ жұртқа дәлелдеді. Құрлықтық чемпионаттан кейін Италияда өткен «Matteo Pellicone Memorial» рейтингілік турнирінде де аса сәтті өнер көрсетті. Екіншіден, жас ерекшілігі де байрақты бәсекеде жүлде алуына сеп болмақ. Сол Сассари қаласында өткен аламанда ақтық сында азуы алты қарыс италиялық Франк Чамизоға 6:4 есебімен есе жіберіп, мүмкіндігінің мол екендігін байқатты. Үшіншіден, ел-жұртының қиқуға басып қолдауы жерлесімізді жігерлендіре түсетіні сөзсіз. Бұл ретте жерлесіміздің жеке бапкері Мейірбек Байжанов дүбірлі дода алдында Польшада өтетін тағы бір халықаралық турнирге қатысып қалу мүмкіндігін жеткізді.
Әділхан ЕСІМХАНОВ