Көкпектілік палуан Данияр Қайсанов қарсыласының допинг дауына байланысты Әлем чемпионатының жүлдесін иеленуі мүмкін, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Қыркүйек айының 14-22 аралығында Нұр-Сұлтан қаласында күрес түрлерінен Әлем чемпионаты өткен еді. Сол сайыста 74 келіде бозкілемге беттеген жерлесіміз Данияр Қайсанов кіші финалда Франция елінің сенімін арқалаған Зелимхан Хаджиевпен жолығып, 3:4 есебімен жол берген болатын.
Зелимхан Хаджиев
Кейін сол белдесуге байланысты бірқатар мамандар арасында түрлі пікірілер туындап, «төрешілер ұлты шешен Хаджиевке бұра тартты» деген ойлар да айтылды. Белгілі болғандай, жуырда ғана француз спортшысына «тыйым салынған препарат қолданды» деген айып тағылды. Қазір Хаджиев күрестен уақытша шеттетілді. Енді оның В сынамасы тексерілмек.
Аталмыш жайт оң шешімін тапқан жағдайда Қайсановқа әлемдік доданың қола жүлдесі берілуі мүмкін.
Фотосурет inbusiness.kz сайтынан
Әділхан ЕСІМХАНОВ