Көкпекті ауданының тумасы Данияр Қайсанов Нұр-Сұлтан шаһарында өткен күрес түрлерінен Әлем чемпионатында үздік алты палуанның қатарына еніп, 2020 жылы Токиода өтетін Олимпиада ойындарына жолдама иеленді, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.
Жерлесіміз елордада өткен аламанда 74 келі салмақта сынға түскен болатын. Осы салмақта жолындағысын ығыстырып, ұйпап өтуге бекініп келгендері жеткерлік еді. Соның бірімен Данияр ширек финалды жолықты. Күресу әдісі ерек италиялық Франк Чамизомен өткен белдесуден жиналған жұрт оң нәтиже күткен еді. Яғни осының алдында Италияда өткен рейтингілік сайыста 6:4 есебімен ұтылған жерлесімізді есе қайтар деген сенімде болды. Алайда кездесу 5:0 есебімен екі дүркін Әлем чемпионының пайдасына шешілді. Данияр үшін белдесу мұнымен бітпеді. Тым құрығанда қола медаль иелену жоспарға қойылды. Сөйтіп жұбаныш белдесуінде оңтүстіккореялық Сенгчул Лиді 6:0 есебімен тізе бүктірді. Бабы келісіп тұрған Қайсанов кіші финалда франциялық Зелимхан Хаджиевпен нағыз «айқас» көрсетті. Белдесу тізгіні жерлесіміздің қолында тұрғандай еді. Дегенмен Хаджиев бір ұпай басымдығын сақтап қалуға барын салды. Бір байқалғаны, қазылар тарапы франциялық спортшыға бұра тарту әрекетіне барғандай әсер қалдырды. Қорытынды есеп 4:3, қола медаль Хаджиевтің қанжығасында кетті.
Аталмыш бәсекеде келер жылы Жапонияда өтетін Олимпиада ойындарына жолдамалар сарапқа салынатынын ескерсек, үздік алтылыққа енгендері жолдамаға ие болды. Бұл ретте бесінші орыннан көрінген көкпектілік Данияр Қайсанов пен жапониялық Мао Окуй Токио бозкілемінде бақ сынасуға мүмкіндік алды.
Әділхан ЕСІМХАНОВ