Бүгін елордада өтіп жатқан күрес түрлерінен Әлем чемпионатында төрт салмақта еркін күрестен бәсекелер өрбиді. Кеше жеребе тартылып, 74 келіде белдесетін жерлесіміз Данияр Қайсановтың қарсыластары анықталды, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.
Ресейлік бірқатар танымал ресми күрес парақшалары алдын ала болжам жасап, жүлде иеленіп қалулары мүмкін деген палуандарды назарға алуда. Әрине, жұрт назары кіл мықтылар бас қосқан 74 келіге ауып отырғаны сөзсіз. Әлемдік рейтингіде көш бастап тұрған Фрэнк Чамизо, одан кейінгі Джордан Барроуз, ресейлік Заурбек Сидаков, Грузия елінің өкілі Автандил Кенчадзе, үндіс Сушил Кумар...тағысын тағы. Кеше жеребе тарту рәсімінде екі топқа бөлінген палуандар есімі анықталған еді. Ресейлік ресми парақша дерегіне сенсек, 74 келіде бірінші топта Заурбек Сидаков жартылай финалға дейін аптықпай жететін көрінеді. Тіпті қалпақпен қағып алады дегенді алға тартуда. Ал ақтық сын жолдамасын сарапқа салатын текетіресте Сидаков пен Барроуз жолығады деп топшылауда. Десе де білгірлер түрік Сонер Демирташ, өзбекстандық Бекзод Абдурахмонов сынды спортшыларды тізімнен шығармады. Ал келесі топта жартылай финалда италиялық Чамизоның бабы келіседі дейді. Бір айта кетерлігі, биылғы Азия чемпионы Данияр Қайсанов пен грузиялық Автандил Кенчадзені айтарлықтай қарсылық мүмкін екендіктерін жеткізді. Айта кетейік, жерлесіміз алғашқы айналымда Венесуэла елінің үздігі Энтони Хосе Монтеромен жолығады.
Сәуір айында Италияда өткен «Matteo Pellicone Memorial» рейтингілік турнирінің ақтық сынында Чамизо-Қайсанов арасындағы есептің 4:6 болғанын ескерсек, Көкпекті ауданының тумасына есе қайтарудың сәті түсетініне сенім мол.
Әділхан ЕСІМХАНОВ