Көкпектілік Данияр Қайсановтың елордада күрес түрлерінен өткен Әлем чемпионатында бесінші орын иеленгені көпшілікке мәлім. Жауапты жарысты жүлдесіз аяқтаған жерлесіміз қай жерде қателікке бой алдырғанын айтты, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.
Кіші финалда өнер көрсеткен шығысқазақстандық спортшы Франция елінің үкілеген үміті Зелимхан Хаджиевпен жолыққан еді. Ресейдің оңтүстігіндегі Хасавюрт қаласында өмірге келген шешен ұлтының өкілі Даниярға таңсық қарсылас емес. Біріншіден, екеуінің жолы оқу-жаттығу жиындарында жиі түйіседі. Одан бөлек, осының алдындағы қос палуан арасындағы текетіресте Хаджиевтің мерейі үстем болған. «Есемді қайтарамын» деп жігерін жанып шыққан жерлесіміз расымен де жанкештілік танытты. Десе де соңғы секундтарда белдесу тағдыры өзгеріп, франциялық споршы уақыт біткенге дейін бір ұпай басымдығын сақтап, есеп 4:3 есебімен қарсылас пайдасына шешілді. Белдесулерін аяқтап болған Қайсанов ұлттық олимпиадалық комитетке берген сұхбатында бәсеке жайлы ойын ортаға салған-ды.
– Бұйырғаны осы болды. Жоспарда жүлде алатын ойым болды о бастан. Енді төртжылдықтың басты бәсекесіне мүлде басқа әзірлікпен шығу керек. Жеңілмейтін спортшы жоқ. Франциялық палуанның қыр-сырын жақсы білемін деп айта аламын. Бірнеше мәрте белдесіп те көрдік. Алайда екі ретінде сол 4:3 есебімен жол беріп қойдым. Жаттығуларды күшейте түсу керек. Сәл тынығып алған соң олқылықтармен жұмыс істейміз. Ұтамын деген сенімім кей тұстарда қателіктерге алып келгендей. Жалпы жеребе де жолдас болды. Шешуші белдесуде бойымдағы бар күшімді кілемде қалдыруым керек еді. Әрі қарсыласым қателіктерді кешіретіндердің қатарынан емес, – деді Данияр Қайсанов.
Әділхан ЕСІМХАНОВ