Қыркүйек айының 23-і күні жедел іс-шаралар өткізу барысында полиция қызметкерлері Өскемендегі гараж кооперативтерінің бірінен алкоголь өнімдерін өндіру және құю цехын анықтады, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
ШҚО Полиция департаментінің баспасөз қызметі ұсынған мәліметке сүйенсек, гаражды тексеру кезінде тәртіп сақшылары бес литрлік және бір литрлік ыдыстарға құйылған шамамен 2 тонна алкоголь бар өнімдері тапқан. Сонымен қатар өндіріске қажетті құюға арналған заттар, бос контейнерлер мен олардың қақпақтары тәркіленді. Белгілі болғандай, оны облыс орталығының 56 жастағы тұрғыны ұйымдастырған.
Тексеру барысында күдіктінің спиртті сақтауға және өткізуге қандай да бір рұқсат құжаттары жоқ екендігі анықталды.
- Аталған факт белгіленген тәртіпте тіркеліп, жиналған материалдар тиісті процессуалдық шешім қабылдау үшін уәкілетті органға жолданды, - ПД бастығының орынбасары Талғат Шаяхметов
ШҚО Полиция департаменті сертификатталмаған алкогольдің денсаулыққа қауіпті болуы мүмкін екенін ескертеді.