Тәртіп сақшылары өңір аумағында мал ұрлығымен айналысқан барымташыларды анықтап, қолға түсірді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Жедел-іздестіру шараларын жүргізу барысында Аягөз және Тарбағатай ауданының 22 жастағы екі тұрғыны ұсталып, олардың мамыр айының соңында қатарынан 3 мал ұрлығын жасағаны белгілі болды.
ШҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, ұрлықтың барлығы мал жайылымынан жасалды. Күдіктілер түнде қораға кіріп, сол жерден қойларды ұрлап жүрген. Тәртіп сақшылары қылмыскерлер уақтылы ұсталмаса, олардың саны бұдан да көп боларын алға тартты. Ұрланған малдың жалпы саны 9 бас.
- Қазіргі уақытта күдіктілер ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 188-1-бабы 3-бөлігіне сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Осы баптың санкциясы 10 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны көздейді, - деді ШҚО ПД бастығының орынбасары полиция полковнигі Т.А.Шаяхметов
Өз кезегінде, қаскөйлердің әрекетінен зардап шеккен шаруа қожалығының иесі полиция қызметкерлеріне жедел әрекет еткені және одан әрі ұрлықтың алдын алғаны үшін алғысын білдірді.