Аймақтағы полиция қызметкерлері «Борышкер» жедел алдын алу шарасы барысында 16 миллион теңгеге жуық айыппұл өндірді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
ШҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, 8-10 қыркүйек аралығында өңірде әкімшілік құқықбұзушылық жасағандардан айыппұл өндіруге бағытталған «Борышкер» жедел алдын алу шарасы өткізілді.
Шара барысында арнайы мобильді топтар құрылған. Тәртіп сақшылары 350-ге жуық рейд жүргізіп, борышкерлерден жалпы сомасы 16 миллион теңгеге жуық 1590 әкімшілік айыппұл өндірді.
Сонымен қатар полиция қызметкерлерінің заңды талаптарын орындамаған 5 жүргізушінің көліктері айыппұл тұрағына қойылды.
Мысалы, NISSAN көлігін тізгіндеген 30 жастағы Өскемен қаласының тұрғыны бірнеше ай бойы 75 мың теңгеден астам айыппұлды төлеуден жалтарып жүрген. Оның көлігі айыппұл тұрағына жеткізілді.
– Бұдан бөлек, полицейлер ұзақ уақыт айыппұл төлемеген көлік иелерін тоқтатып, түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде 725 320 теңге көлеміндегі 37 айыппұл сол жерде өндірілді, – делінген ведомство мәліметінде.