Мамыр айының 17-сі күні сағат 08.00 шамасында Шемонаиха аудандық полиция бөлімінің «102» жедел арнасына 60 жастағы қала тұрғыны хабарласып, ақшасы ұрланғандығына шағымданған, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
ШҚО Полиция департаменті ұсынған дерекке сәйкес арыз 2021 жылдың 16 мамыр күнгі сағат 22.30-дан 17 мамырдағы сағат 07.50-ге дейінгі уақыт кезеңінде белгісіз біреулер кілтті таңдау және екінші есікті бұзу арқылы Шемонаиха қаласындағы жекеменшік дүкенге кіріп, 390 400 теңге мөлшеріндегі ақшаны және бейнетіркегішті ұрлау жағдайы бойынша түскен.
Оқиға орнында сарапшы-криминалист саусақ іздерін тауып, дәлелдемелер жинаған. Полиция қызметкерлері алынған қол іздерін егжей-тегжейлі зерттеп, оларды полициядағы арнайы деректер базасы бойынша тексере бастады. Нәтижесінде тәртіп сақшылары қылмыс орнында табылған іздер осыған ұқсас қылмысы үшін бұрын сотталған Шемонаиха қаласының 18 жастағы тұрғынының дактилоскопиялық картасымен сәйкес келетінін анықтады.
- Күдіктінің жеке басы анықталғаннан кейін жедел уәкілдер оны дереу қолға түсірген. Тексеру барысында тәртіп сақшылары осы қылмысқа бару себебі оған жуықта сатып алған көлігін жөндеу үшін ақша қажет болғандығын анықтады. Осылайша, бозбала нақ осы дүкенге екінші рет ұрлыққа түскен, - деді ШҚО ПД бастығы Сағат Мадиев.
Ойындағы жоспарын жүзеге асыра отырып, көп ақшаның қайдан келгенін жақындарына түсіндіре алмайтынын білген ол заңсыз «олжаны» үйінің ауласына көміп тастаған.
Қазіргі уақытта аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 188-бабы 3-бөлігіне (ұрлық) сәйкес қылмыстық іс қозғалды, мойындау айғақтары бар. Ұрланған ақша ішінара тәркіленді.