Биылғы жылы Шығыс Қазақстанның құқық қорғау органдарының қызметкерлері 240 автокөлікпен қамтылмақ. Бұл өңір полицейлерінің көлік қажетілігі мәселесін түбегейлі шешейін деп отыр, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.
– Облыстық Ішкі істер департаментінің жеке құрамына Өскемен зауытында құралған корей маркалы жылдам автокөліктер сатып алынса, ауылдық жерлердегі қызметкерлерге – нивалар табыс етіледі. Осылайша, біз әр аумақ полицейлерін өздеріне ыңғайлы көліктермен жабдықтаймыз, – дейді облыс әкімі Даниал Ахметов.
Сондай-ақ, аймақ басшысы ШҚО полиция қызметкерлерін алдағы уақытта тағы да қандай өзгерістердің күтіп тұрғандығын атап өтті. Облыс әкімінің айтуынша, Өскемен мен Семей қалаларында 60 бейнежүйе ортатылмақ. Олар көше қиылыстарында жол қозғалысы ережесін бұзғандарды бейнежазбаға тіркеп, Жедел әрекет ету орталықтарына жіберіп отыруға мүмкіндік береді. Қала көшелеріндегі осындай бақылау жолдағы заңбұзушылықтың санын азайтады деп күтілуде.
– Осы жылы ШҚО ІІД қызметкерлерінің мобильділігін арттыру үшін тиісті техникалармен жабдықтауға көп көңіл бөлінуде. Келесі жылы полицейлерді тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесі өз шешімін табатын болады, – деді Даниал Кенжетайұлы.