Маусым айының 16-18-і күндері аралығында облыс аумағында полиция қызметкерлері жеңгетайлық пен притон ұйымдастыру фактілерінің жолын кесуге, жезөкшелікпен айналысатын адамдарды анықтауға және оларды орталықтандырылған есепке қоюға бағытталған «Stop-трафик» республикалық жедел-алдын алу шарасын өткізді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Тәртіп сақшылары ойын-сауық орындарын, монша кешендерін, сауналарды, жалға берілетін пәтерлер мен қонақүйлерді тексерді. Жедел алдын алу шаралары қорытындысында Өскемен және Семей қалаларындағы монша кешендері әкімшілерінің жезөкшелікпен айналысуға арналған притон ұйымдастырудың үш фактісі анықталып, қазіргі уақытта ҚР ҚК-нің 309-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.
– Күдіктілер өз кінәларын мойындады, енді олар бес жылға дейін бас бостандықтарынан айырылуы мүмкін. Сонымен қатар жезөкшелікпен айналысуға тартудың бір фактісі анықталып, ҚР ӘҚБтК-нің 449-бабы 1-бөлігіне сәйкес 28 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды және жеті адам профилактикалық есепке қойылды, - делінген мәліметте.