ШҚО Полиция департаменті мен облыстағы заңгерлер дайындайтын 3 университеті ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды, деп хабарлайды Buqara.kz тілшісі.
Құжат құқық саласындағы тәжірибе мен тиісті ақпарат алмасуға, білім беру процесін және әлеуметтік тиісті мақсаттарды жетілдіруге бағытталған тараптар бірлескен қызметінің басым бағыттарын көрсетеді.
ШҚО Полиция департаменті мен ынтымақтастық туралы меморандумға С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университеті, Семей қаласындағы Шәкәрім атындағы мелмекеттік университеті және Қазақ гуманитарлық заң инновациялық университеті қол қойды.
Меморандумға сәйкес тараптар өзара қызығушылық тудыратын ғылыми және білім беру саласында ынтымақтастық орнатуға, бірлескен білім беру және ғылыми-зерттеу бағдарламалары, жобаларды іске асыруға, студенттердің жұмыс бағытына деген ынтасын арттыру мақсатында кәсіптік бағдар беру жүйесін жасауға ниетті.
ШҚО Полиция департаментінің басшысы Елдос Закимовтың ойынша, қол қойылған меморандум ішкі істер органдарымен мамандар даярлау, тағылымдамадан өту және одан әрі жұмысқа орналасу саласындағы қатынастарды жақсартады.
Университет түлектерінің дайындық деңгейінің жоғары болуын ескере отырып, ішкі істер министрі қызметке үміткерлерді облыстың жетекші жоғары оқу орындары түлектерінің арасынан іріктеп алуды, кейін оларды полиция қызметінің әртүрлі бағыттары бойынша ведомстволық оқу орындары базасында бастапқы даярлықтан өткізуді ұсынады.
Бұл жоғары оқу орындары республикада да, аймақта да құқық қорғау органдарында басшылық қызметтер атқаратын көптеген жоғары білікті түлектерді даярлайды.
- ШҚО Полиция департаментінде студенттерге практика базасын ұсынуға, бірлескен іс-шаралар өткізуге мүмкіндік бар. Біз студенттерге болашақ мамандықтарын таңдауға көмектесеміз. Студенттер сапалы білім алуы үшін мүмкіндігінше жақын жерде оқытуға болатын жаттығу полигоны мен оқу орталығы бар. Теория мен практиканың үйлесуіне сүйене отырып, біз өз саласының мамандарын алғымыз келеді, - дейді Елдос Закимов.
Меморандум шексіз мерзімге жасалады.