Қараша айының 11-13 күндері Мәскеу қаласында өткен ерлер мен әйелдер арасындағы қоян-қолтық ұрыстан Әлем чемпионатында» ШҚО Полиция департаментінің қызметкері Саметаев Айбек Мұратұлы чемпион атанды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Халықаралық дүбірлі додада ұлттың намысын ту еткен чемпионды туыс-туған, жақындары, достары мен әріптестері әуежайдан қошеметпен қолпаштап күтіп алды.
Чемпионатқа әлемнің 31 мемлекетінен іріктелген 250 спортшы қатысқан. Жылдар бойғы еңбектенген Айбек 85 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде қоян-қолтық ұрыс бойынша спаррингке шығып, кәсіби шеберлігінің нәтижесінде чемпион атанып, әлемдік деңгейдегі өткен спорттық додада әнұранымызды әуелетті.
ШҚО Полиция департаментінің баспасөз қызметі ұсынған мәліметке сүйенсек, Айбек Саметаев 1986 жылы 20 тамызда Аягөз қаласында дүниеге келген. Жастайынан спортқа жақын өскен ол Евразия чемпионатының жеңімпазы, әскери самбо күресінен Әлем кубогінің финалисі және Азия чемпионатының жүлдегері. Бұдан бөлек, қоян-қолтық ұрыстан Азия чемпионатының жүлде алып және Әлем чемпионаты кубогінің үздіктер қатарынан көрінген.
- Жарыс өтеді дегеннен бастап барлығымыз уайымдаймыз, ұйықтамаймыз. Бала-шағамызбен Айбектің жеңіске жетуін тілеп, тақым қысып отырдық. Аллаға мың да бір шүкір осындай күнге жетіп жатқанымызға,- деді жұбайы Камшат Саметаева.