Шығыс Қазақстан облысының полиция департаменті әлеуметтік желілерде тараған адам зорлау оқиғасына қатысты мәлімет берді, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі ҚазАқпарат-қа сілтеме жасап.
Әлеуметтік желілерде «Жазасыз зорлық, БАҚ-тың қолдауын сұраймыз» деген тақырыппен ақпарат тараған болатын. Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі осы жайтқа байланысты ресми мәлімет таратты.
«Өскемен қаласының полиция басқармасына қарасты Үлбі бөлімшесінің өндірісінде 34 жастағы өскемендік тұрғынға қатысты қылмыстық іс жатыр. 32 жастағы Ұлан ауданында тұратын әйел өскемендік ер адамның өзін зорлағанын мәлімдеп, арыз жазған болатын. Оның көрсетуі бойынша, оқиға 2019 жылдың 18 қаңтарында болған. Марқұм болған күйеуінің ағасы әйелмен бірге ішімдік ішіп, кейін күшпен жыныстық қатынасқа түскен. Сот сараптамалық талдау әйелдің денесіне жеңіл жарақаттар түскенін анықтады», - делінген ресми ақпаратта.
Департаменттің мәліметіне сүйенсек, қылмыстық істің барысы бақылауға алынған. «Тергеу жұмыстары бойынша тиісті тапсырмалар берілді. Сотқа дейінгі тексеру жалғасады», - делінген ақпаратта.