Облыстық мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасы облыстың орман шаруашылығы мекемелері кәсіпкерлердің құқықтарын бұзғанын анықтады, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Атап айтқанда, орман шаруашылығы мекемелері орман өнімдерін сатып алу-сату шарттарын жасасу кезінде кәсіпкерлік субъектіге ағаш кесілген жерде сол маңды тазалау, жүк тасымалдау кезінде бұзылған жолдарды өз қаражаты есебінен тиісті жағдайда күтіп ұстау міндеттерін жүктеген.
Мысалы, «Риддер орман шаруашылығы» және жеке кәсіпкер А.А.Цыкунов арасында Үбі орман шаруашылығында орналасқан ағаш кесу учаскесінде 197 м3 ағашты сату туралы келісім жасалды.
- Шарт сатып алынған тауарларды және оның қалдықтарын кесу орындары мен сақтау орындарын тазалау міндетін қарастырады.
Сондай-ақ онда сатып алушының басқа жүктерді тасымалдау кезінде бұзылған жолдарды, көпірлерді, қара жолдарды, су ағындарын, бұлақтарды және өзендерді сақтау және өз қаражаты есебінен тиісті жағдайда ұстау міндеті басшылыққа алынған, - делінген прокуратура ұсынған мәліметте.
Алайда, орман заңнамасына сәйкес, бұл талапты сатып алушы болып саналмайтын орман пайдаланушы орындауы керек. Мұндай жағдайларда орман шаруашылығы кәсіпорындары орман өнімдерін сатып алушыларды кесілген орман учаскесінің жай-күйі мен жолдарды қалыпты жағдайға келтірмегені үшін негізсіз жауапкершілікке тартты.
- Осындай заң бұзушылықтар кәсіпкерлер мен орман шаруашылығы кәсіпорындары арасында жасалған 111 келісім бойынша да анықталған. Табиғат қорғау прокуратурасының ден қоюы нәтижесінде ШҚО табиғи ресурстар және табиғат пайдалану Басқармасы негізсіз талаптарды жою мақсатында орман өнімдерін сатып алу-сату шарттарына тиісті өзгерістер енгізді, - делінген ақпаратта.
Нәтижесінде 112 кәсіпкерлік субъектінің құқығы қорғалды.