ШҚО прокуратурасы «Ауыл шаруашылығын қаржылық қолдау Қоры» АҚ жергілікті филиалынан 2007 жылдан бері 1 млрд. теңгеден астам бюджеттік қаражаттың жымқырылуына қатысты тергеу амалдарын бастады. Прокуратураның анықтауынша, ұсталғандар ондаған адамға жалған несие ресімдеген, деп хабарлайды buqara.kz сайтының тілшісі.
«Ауыл шаруашылығын қаржылық қолдау Қоры» АҚ-ның Шығыс Қазақстандағы филиалына 2007-2016 жылдары 5500 адамға несие беру үшін мемлекеттік бюджеттен 9,3 млрд. теңге қаражат бөлінген. Алайда ШҚО прокуратурасының өткен жылдың желтоқсан айында жүргізген тексеру жұмыстарының нәтижелері бойынша ыждахатсыз орындаушылардың кінәсінен ақшалай қаражатты адресаттар алмағаны анықталған.
Ұйымның қызметінде бірқатар бұзушылықтар белгілі болып отыр. Мысалы, несиелер аталған қордың қызметкерлерінің таныстары мен туыстарына, барлығы 10 миллион теңгеден астам 17 несие берілген. Барлық жағдайларда есептелген үстемақы сомасын компанияның қызметкерлері заңсыз төмендеткен. Филиал несиелерді өздерінің қызметкерлеріне де берген. Несиелер бөлінген кезде қарыз мақсаттары мен келісімшарт міндеттерін орындау мерзімдері назарға алынбаған..
Тексеру барысында анықталған ең елеулі бұзушылық – Қордың қызметкерлері тарапынан мүлде қатысы жоқ адамдардың атына несие ресімдеу арқылы бюджеттік қаражатты ұрлау болып табылады.
ШҚО прокуратурасының анықтауынша, несиелер басым жағдайда тұрғылықты жері жоқ тұлғаларға, бұрын сотты болғандарға, қабілетсіз адамдарға ресімделген. Тексеру органдарын адастыру үшін қылмыстық топтың мүшелері Абай ауданында бизнесті дамыту үшін Жарма ауданының тұрғынына несие ресімдеген. Кейіннен қарыз бойынша берешектерді өндіру ұзаққа созылған, себебі қағазда көрсетілген қаражат алушыларды іздеп табу қиынға соққан. Қылмыстық топ 8 жыл бойы әрекет етіп, қаражатты әрі қарай ұрлауын жалғастыру үшін несиелік жүйені ұзартып, қарызды өтеу мерзімдерін шегеріп отырған.
– Прокуратура бұл істі анықтамай тұрып, терең анализ жұмыстарын жүргізді. Аталған жағдайда соңғы он жылда ауыл шаруашылығын қолдау бағытында қаншама несие беріліп жатса да мал басының өспей тұрғанын, ауыл шаруашылығы өнімдері арзандамағанын анықтадық. Осы тұста «Ауыл шаруашылығын қолдау Қорының» Шығыс Қазақстандағы филиалы «қайда қарап отыр?» деген сұрақ туындады. Сол себепті тексеру жұмыстары басталды. Бүгінгі таңда ведомствоаралық тергеу тобы құрылды. Бұл топта сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттіктің, ҰҚК-нің, экономикалық тергеу қызметі мен ІІД өкілдері бар. Аталған топ қылмыстық істі ашуға жұмылды. Ұрланған соманың соңғы тиынына дейін қайда кеткенін анықталатынын айтқым келеді, – дейді ШҚО прокурорының бірінші орынбасары Болатхан Нұрышкенов.
Мейрамбек Қосажан