ШҚО прокурорлары волейболдан республикалық жарыста топ жарды

238
көрілім
Астана қаласында Прокуратура күніне арналған прокуратура қызметкерлері арасында әйелдер волейболынан чемпионат аяқталды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Финалда Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің, Шығыс Қазақстан, Атырау, Алматы және Қостанай облыстары прокуратураларының құрама командалары кездесті.
Шешуі ойында шығысқазақстандық волейболшылар Алматы облысының командасын ұтып, бірінші орын иеленді. Сәйкесінше, алматылықтар тұғырдың екінші сатысына жайғасса, Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің командасы үздік үштікті түйіндеді.
Чемпионаттың салтанатты жабылуында жеңімпаз командаға Кубокті Бас Прокурордың орынбасары Ғалымжан Қойгелдиев табыс етті. Ала доп бәсекесіне қатысушылар мен жанкүйерлерді құттықтай отырып, турнирдің прокуратура қызметкерлері үшін маңызды рөлін атап өтті. Жарыстың басты маңыздылығы – олар ұжымшылдық рухын сақтауға көмектеседі, прокурорлық қоғамдастықтың ұйымшылдығы мен бірлігінің маңызды факторы болып саналады.
Сондай-ақ, жеке жетістіктері үшін арнайы марапаттар табысталды. Номинациялар бойынша жеңімпаздар: үздік қорғаушы – Томирис Исмагулова, үздік либеро – Оксана Төлемісова,үздік шабуылшы – Нұрия Ахтанова.
Чемпионаттың үздік ойыншысы Меруерт Есенғали деп танылды.
Бұдан бөлек, шығысқазақстан жігіттер Алматыда өткен сайыста екінші орын иеленді.