ШҚО Самар өңірінің тумасы Жұбандық Болғанбаевтың Алаш зиялыларымен мүддесі бір болған

1148
көрілім

Замананың заңғар жазушысы, көрнекті мемлекет қайраткері болған Әбіш Кекілбай кезінде былай деген екен: «Ұрпақ өлер, ұрпақ келер, ал қара жер мәңгі бақи қала берер», – делінбейтін бе еді Сүлеймен пайғамбардың аузымен, көне кітап «Інжілде»?!

«Өлмегенде не өлмейді? Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді», – демеп пе еді Бұқар жырау сұңғыла?

Расында да күллі тарих – өмір мен өлімнің, ізгілік пен зұлымдықтың, ұғымталдық пен ұмытшақтықтың, өсу мен өшудің арасындағы бітпес күрестің бітпес шежіресі секілді ғой.

Өлке атаулы, өмір атаулы, құбылыстың бірде құт, бірде жұт мекені ғой. Ал өмір дегеніміз – күрес деген ежелгі кескіндеменің дәлдігі тап бүгін ешқандай дәлелдемені қажет ете қоймас.

Ертеңге ұмтылған өткенді ұмыта алмайды. Алға ұмтылмаған артына қарамайды.

Адамзат өмірінде тарихи сана деген болады. Ол бәрімізге қажет. Сана барда ғана дүниеге ғана жаратылып отырмағанымызды, бұған біздің де тынымсыз еңбек пен ізгі мұраттарға ұмтылған өрелі күрес сақтап келсе, ертең де солай көксеген биіктерімізге көтеріле алатынымызды ұғамыз. Тарихи сана бәрімізге керек. Сонда біз жер бетінде жалғыз да, жалқы емес екендігімізді сезінеміз. Өткенімізді сыйласақ өзіміз де сыйланатынымызды білеміз.

Тарихи сананы қалыптастырудың жалғыз жолы – Отан тарихын, өз тарихыңды жан-жақты білу, бір-бірімен салыстыра, салғастыра зерттеу, сол арқылы адамдар арасындағы өзгешеліктің түпкі сырын жете түсініп, өткенді аңсауды емес, ертеңді армандауға қызмет ету.

Жоғарыда Әбіш Кекілбаевтың (марқұм) айтып отырғаны – «өткенді білмей, өрге баспайсың» дегенді мегзеп отырғаны.

Біздің әулеттің тегі – қарауыл-жасақ, оның ішінде Ақболат руынанбыз. Қарауыл-жасақта атақты адамдар көп болған.

Қарауыл-жасақтың Болатынан – Дүйсен, Дүйсеннен – Қасболат, Жаубасар. Қасболаттан – Сатыпалды, Жайнақ, Бекен, Жолан тарайды. Бекеннен – Қараш, Қараштан – Болғанбай, Болғанбайдан – Жұбандық өмірге келген. Демек туған елінің болашағы үшін күресіп, халқына адал қызмет еткен алашордашы Жұбандық Болғанбаев – Бекеннің тікелей ұрпағы.

Қазақтың біртуар азаматы Жұбандық Болғанбаев кім еді? Самар өңіріне қарасты Екпін деген жерде 1860-жылы кедей отбасында дүниеге келген Жұбандық ата-ана мейірімін көп көрмеді. 6 жасында әкеден жетім қалып, шешесі басқа біреуге тұрмысқа шығып кеткенде ол Бекмағанбет деген ағайынының қолында болып, соның қозы-лағын бағыпты.

Күндердің бір күнінде сол өңірге Сүгірбай деген кісі келіп, қарауыл-жасақ елінен оқуға қабілетті балаларды іздестіреді. Ойын балаларының ішінде Жұбандық зерек тегімен әрі ақылдылығымен ерекшеленеді. Ол кездегі бай-қуаттылар «баламызды оқуға берсек орысша оқып шоқынып кетеді» деп сауат ашуға жібермейтін. Сөйтіп жасы 13-14-ке келіп қалған Жұбандық Өскеменнің іргесіндегі Желдіөзек ауылындағы мектеп-интернатқа оқуға жіберіледі. Одан соң Семейдегі адвокаттар даярлайтын гимназияда оқиды. Кейінде екі жыл тілмаштық қызмет атқарады. Сол кездің өзінде кедей-кепшіктің «Мына Ожар, Сақпан сияқты билерден құтқар» деген мұңына құлақ түріп, олардың атынан жоғары жаққа шағым түсіреді. Сөйтіп жылдар бойы созылған айтыс-тартыстың нәтижесінде жергілікті кедейлерге Васильев өткелінен бастап Үлгілімалшыға дейінгі аралықтан 750 мың гектар жер байлардан тартып алынып, былайғы жұртқа таратылып берілді. Осы аймақта Құлынжон болысын құрып, Жұбандықтың өзі болыс болады.

Заманының әділетсіздігіне төзбеген Жұбандық Болғанбаев жергілікті жердегі саяси озбырлық туралы «Правда» газетіне мақала жазып жібереді. Патшаның жандайшаптарымен күресе жүріп «қызыл бұзау» деген салықты жойғызады.

Ж.Болғанбаев сауат ашуға да көп көңіл бөлді. 1921 жылы оның бастамасымен Ақтасты жайлауында сауатсыздар мектебі ашылды. Бала оқыту мақсатында Молдакесен Аршабаев, Әубәкір Жантекеев, Сейтқазы Ибраев, Кешубай Ершеков, Қисажан Бейсекенов және Нұрахман Күдериновты мұғалімдер даярлайтын курсқа жіберіп, солардың көмегімен мектеп ашады.

Жұбандықтың бұл әрекетін құп көрмеген байлар жабылып жүріп жала жауып, болыстықтан алдырып, түрмеге жапқызады. Бірақ өзі жақсы қарым-қатынаста болған Өскемен Совдепінің төрағасы Яков Ушанов пен Бажовтың көмегінің арқасында түрмеден ақталып шығады. Сол жылдары большевиктер партиясының астыртын мүшесі болған Захар Кулагинмен де жақсы таныс болған.

Жұбандық Болғанбаев бұдан кейінгі жылдары халықтың игілігіне бола Самар өңірінде тоған салдырады, Жаңабай деген жерде май шығаратын зауыт салдырып, Бастаушы ауылында қой фермасы ашылып, 1500 бас меринос қойы өсіріледі.

1922-24-ші жылдары Катонқарағай ауданында сот болып істегенде де қара халықтың қамын ойлап, солар үшін қызмет етеді. Николай патшаның тұсында Москва, Ленинград, т.б. қалаларда болып жатқан ірі-ірі саяси оқиғаларды «Правда» газетінен оқып-біліп отырды. Жұбандықтың өзі «Правда» газетінің тілшісі болғанын да сол кезде біреу білсе, біреу білмес.

Құрметті оқырман, 90-нан асқан жасым бар, кәріліктің құрсауына мықтап ілінген шақта бұл мақаланы жазуымның себебі, соңымыздан ерген ұрпағымыз, жас құрақтай желкілдеп өсіп келе жатқан жеткіншектеріміз өткен тарихымыздан хабардар болып, еліміздің жарқын болашағы үшін өмірін сарп етіп күрескен алаш зиялыларын танып-біліп өссін деген мақсат еді. Алаш жолында басын бәйгеге тіккен арыстардың азаттық жолында өмірлерін құрбан еткендігін өздеріңіз тарихтан білесіздер. Ал сол алаш арыстарының қасында Самар жерінің тумасы, қарапайым жұмысшы табынан шыққан, менің рулас ағайыным, жерлесіміз Жұбандық Болғанбаев бірге жүрген, мақсат-мүдделері бір арнаға тоғысқан. Алашордашылардың ту еткен негізгі ұраны –

Алаш туының астында

Куә болсын арамыз.

Көркейтуге Алашты

Құрбандық біздің жанымыз.

Былай тұрсын малымыз!

Алаш деген ел үшін

Сарыарқаның жері үшін

Бостандық берген ер үшін

Төгілсін біздің қанымыз!

Аялмасын барымыз,

Жасасын Алаш, жасасын! – деген қанатты сөздер болды.


 

Ахметкәрім Ахмадиев,

Күршім ауданының Құрметті азаматы, еңбек және соғыс ардагері

Мақаланы баспаға әзірлеген Гүлнар Исина