Шығысқазақстандық шенеуніктер жеңілдік берілген адамдарға қосымша артықшылық беру мақсатымен ел билігіне бірнеше ұсыныс жолдады. Ең бастысы, азаматтардың белгілі бір санаттарына мерекелік және айтулы күндер қарсаңында берілетін төлемақы көлемін өңірлер бойынша теңестіру жайы болды. Сондай-ақ, тағы бір ұсыныс, Чернобыль апатын ауыздықтауға қатысқан адамдарға қоғамдық көлікте жеңілдік жасау жөнінде болды, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.
Облыстық қоғамдық Кеңестің отырысында жеңілдік берілген адамдарға артықшылық беру жайы қаралды. Осылайша, 2018 жылдан бастап Чернобыль апатын ауыздықтауға атсалысқан азаматтар жергілікті бюджет есебінен берілетін бір реттік төламқыны бұрынғыдан көбірек ала бастауы мүмкін. Қазіргі уақытта шенеуніктер аталмыш мақсатқа бюджеттен қосымша қаражат бөлуді сұрап отыр. Ал оның қабылданып, не қабылданбайтыны әзірге белгісіз.
– Біз бір реттік көмекті есептеуде 35 АЕК мөлшерін алуды ұсынып отырмыз (2017 жылы 1 АЕК = 2269 теңгеге), – дейді ШҚО Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы Елена Старенкова. – Бұл көрсеткіш жыл сайын өсіп отырады. Қазіргі уақытта төлемақы көлемі 60 мың теңге болса, алдағы уақытта 90 мың теңгеге жетуі ықтимал.
Сонымен қатар, Чернобыль апатын ауыздықтауға атсалысқан азаматтардың автобустарда жеңілдікпен жүру мәселесі де қаралды. Ұсыныс Астанаға жіберілгенімен, әзірге шенеуніктер бастаманы құптаған жоқ.
– Сома өте үлкен, дегенмен біз аталған мәселені шешу бағытында жұмыс істейміз, – деді Елена Васильевна. – Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігіндегілер жол жүру жеңілдігінің арнайы мемлекеттік жәрдемақыға ауыстырылғанын айтып отыр. Соған қарамастан біз ұсыныспен шықтық.
Тағы бір бастама – мерекелік және айтулы күндерге қарсы берілетін бір реттік төлемақы көлемінің азаматтардың тұрып жатқан өңіріне қарамастан бірдей болуы.
– Мұндай жағдайда «анаған көп, маған аз демей» адамдардың көңілдері тоқ болар еді, – деді Елена Старенкова. – Жеңілдік берілгендердің мәртебелері бір болғанымен, алатын ақшалары әртүрлі. Біз еліміздің барлық өңірлеріндегі төлемақы көлемін белгілі бір деңгейге белгілейтін құжат керек деп есептейміз.
Ерлен ОСМАНОВ