Биыл ШҚО Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі облыстың дене шынықтыру және спорт басқармасының, сондай-ақ оның ведомстволық бағынысты ұйымдарының қызметіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жүргізді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Талдау нәтижелері бойынша осы салада елеулі сыбайлас жемқорлық тәуекелдері анықталды.
Атап айтқанда, талдау нәтижесінде бюджет қаражатын ұтымсыз пайдалану, сатып алынған қызметтер бойынша қаржылық құжаттаманың болмауы, қызметкерлерге негізсіз сыйлықақы беру, жаттықтырушылардың жалған дипломдарды пайдалануы, спорттық командаларға арналған іссапар шығындарын жаттықтырушыларға аудару кезіндегі тәуекелдер, сондай-ақ жалған оқу-жаттығу жиындарын өткізу фактілері анықталды.
Талдау қорытындысы бойынша спорт басқармасына белгіленген тәуекелдерді жою бойынша тиісті ұсынымтар берілді.
Ұсынымдарды орындау шеңберінде Басқарма шығыстарды растайтын құжаттарды егжей-тегжейлі ашып көрсете отырып, командалардың жоғары спорттық нәтижелерге қол жеткізу міндеттемесі бойынша шарттық талаптарды толықтыру бөлігінде техникалық ерекшеліктерге өзгерістер енгізді, сондай-ақ спорттық іс-шараларды ұйымдастыруға арналған ақша қаражатын аудару алгоритмін әзірледі.