ШҚО спортшылары Азия кубогінде жүлдегер атанды

556
көрілім

Жерлестеріміз Алматыда қол күресінен бірнеше жас ерекшелігі бойынша өткен ашық Азия кубогінде түрлі медальдар жиынтығын иемденіп, сәтті өнер көрсетті, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.

Аймақтан Азия кубогіне жол тартқан спортшылардың ұзын-саны – 30. Олардың ішінде жасөспірім қыздар арасында 55 келіде Деши Дурсаева, 60 келіде Тахмина Қожамбердиева, 70 келіден жоғары салмақта Мөлдір Қалиқанова және жасөспірімдер арасында 60 келіде Диас Талапбеков пен риддерлік Николай Мрзагарайев тұғырдың ең биігінен көрінді.

Деши кейін қыздар арасында да алдына жан салмады. Күміс жүлде 55 келідегі Никита Хоряков, 70 келі салмақтағы Асылбек Беков, сонымен қатар абсолютті салмақтағы Данил Веньниковке бұйырды. Ерлер арасында 55 келі салмақта әлемнің төрт дүркін чемпионы Ораз Басаровқа ешкім қарсылас атана алмады. Бұдан соң Ораздың жастар арасында да айдарынан жел есті. Оның жеңісті жолын 85 келідегі Дулат Барлықов пен Никита Хомутовский жалғастырған.

Қыздар арасында 80 келідегі Галина Судгаймер мен Полина Голитовская үздік үштікті түйіндеді. Сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі жандар арасында 70 келіде Владислав Губушкин, 70 келіден жоғары салмақта Данияр Тайменов, 60 келі салмақтағы Нина Пономарева сынды қол күрес шеберлері алтын алса, 70 келіде Данияр Айданбек және Дмитрий Пономарев пен Медет Алдабергенов 70 келіден жоғары салмақта жүлдегерлер үштігін түйіндеді.

Аталмыш аламанға жерлестірімзді білікті бапкер Ерлан Уалиев баптап апарғанын айта кеткен жөн.

Әділхан ЕСІМХАНОВ