ШҚО спортшылары стренглифтингтен өткен Әлем чемпионатында үздік нәтиже көрсетті

369
көрілім

Жуықта жерлестерімізге қатысты сүйінші хабар естіп, әзірге қысқа ақпаратты жаңалық қылып жазуды жөн көрдік. Ардагер спортшы Мұхамедолла Ағзамов бастаған жерлестерімз Үндістанда тұғыр биігінен көрінді, деп хабарлайды Buqara.kz тілшісі.
Хайдарабад қаласында стренглифтингтен 10-шы Әлем чемпионаты өтті. Нағыз күш пен ұзақ уақыт жүргізген дайындық сыналатын біршама қызық спорт. Ол жерде пауэрлифтинг пен күштік атлетикадан сынға түседі. Жерлесіміз Мұхамедолла Ағзамовтан бөлек, дүбірлі додаға тағы төрт адам барды. Інісі, ұлы, інісінің ұлы және Иван Мальков есімді қарт.
Таң қалдырғаны сол, шағын құраммен барып, командалық есепте үшінші орынға іліккендері. Осы жаңалықпен бөліскен ардагер журналист Айтмұхамбет Қасымов ұсынған ақпаратқа сәйкес барлығы 18 команда қатысыпты. Ұзын-ырғасы 350-ге жуық адам өз мүмкіндігін байқады.
Соның нәтижесінде жасы 70-тен асқан Мұқан Ағзамов екі алтын иеленді.
– 57 жастағы Ерік інім екі алтын, оның 33 жастағы Жан есімді ұлы екі күміс, ұлым Жүрсін (33 жаста) екі алтын медаль алды, – делінген ардагер спортшының жазбасында.
Чемпион болып, жүлде алғандардың барлығы да Ағзамовтар әулетінен. Одан бөлек, 66 жастағы Иван Мальков бір алтын, бір қола медальды қоржынға салды. Барлық жүлденің басын қосқанда, Қазақстаннан барған жалғыз делегация командалық сында үшінші орынға ие болды. Мұхамедолла Ағзамовтың сөзінше, байрақты бәсекеге өз қаражаттары есебінен барды.