ШҚО спортшылары Теміртау қаласында ҚР Еңбек сіңірген жаттықтырушысы Амантай Айдархановты еске алуға арналған дзюдо бойынша халықаралық «Огни Магнитки» жарысынан жүлдемен оралды, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.
Сайысқа жарыс қожайындарынан бөлек, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Ресей сынды елдерден спортшылар қатысты. Бәсеке қыздар және ұлдар арасында өрбіді. Облыс атынан барлығы 22 спортшы қатысты.
ШҚО Дене шынықтыру және спорт басқармасы баспасөз қызметінің хабарлауынша, жарыстың алғашқы күні 44 кг салмақта Б.Әбдешова 1 орын, 42 кг салмақта С.Оразаев 3 орын, А.Орынғазықызы 44 кг салмақта қола медальға ие болды. Келесі күні 60 кг салмақта бақ сынаған С.Еркінов 3 орын, 73 кг салмақта өнер көрсеткен М.Сағатбеков 1 орын, Е.Ануарбеков те 81 кг салмақта жеңімпаз атанса, 90кг дейін өнер көрсеткен Б.Құсманов қола медаль және Д.Бейсеханов та +90кг салмақта үздік үштікті түйіндеді.
Спортшылар жарыстан келген бойда алдағы жылы ақпан айында өтетін ел чемпионатына дайындықты бастап кетті. Ал оған дейін қараша айында іріктеу сайыстары өтетін болады.