ШҚО спортшыларында Олимпиада ойындарының қанша жолдамасы бар?

318
көрілім
Фотосурет Qaz_olympics парақшасынан

Облыстық Дене шынықтыру және спорт басқармасы өкілдерінің мәліметінше, биыл басымдық Жазғы Олимпиада ойындары бағдарламасына енетін спорт түрлеріне берілуде, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Мәлім болғандай, «осы жағына көп көңіл бөліңдер» деп әр облысқа еліміздің Спорт және туризм министрлігі нақты тапсырмалар жүктеді. Шенеуніктер Шығыс Қазақстанда дамып жатқан спорт түрлеріне барынша қолдау білдіріп, тамыз айына дейін табанды еңбектенуді күн тәртібіне қойған. Дегенмен тұрғындардың өтініш-шағымдарына да тиісті жауап қатуды ойлап жүргендерін жеткізді. Облыстық Дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Серік Құсұмбаевтың ақпаратынша, тұрғындар тарапынан «мұз айдыны салына ма?» деген сауал жиі түсіп жатыр. Бір есептен, Шығыс Қазақстан – республика көлемінде қысқы спорт түрлері бойынша үздік өңірлердің бірі саналады. Осы ретте аталған бағыт әркез дамуы тиіс. Анығы сол, жоспар бекітіліп жатыр, жобасы пысықталуда. Қазіргі уақытта қаладағы Өтепов және Тимирязев көшелерінде мұз айдыны бар. Қашан екені белгісіз, басшының орынбасары үшінші нысан бой көтеруі мүмкін екенін айтты. Ал жолдама ше?

– Жаздың соңғы айында маңызды аламан күтіп тұр. Жоспар белгілі. Тек сол бағытта жұмыс істеп жатырмыз. Қазір өңір спортшыларында Олимпиада ойындарының бес жолдамасы бар. Бірақ атлеттеріміз мұнымен шектеліп қалмайды деген сенімдеміз, – деді аталған басқармадағы бұқаралық спорт бөлімінің басшысы Архат Болатхан.

Әділхан ЕСІМХАНОВ