ШҚО спортшысы Азия кубогінің қола жүлдесін иеленді

392
көрілім
Фотосурет редакция мұрағатынан (Қуан Барыс суретте оң жақта)

Ақтау қаласында өтіп жатқан дзюдодан Тұрар Жолдыбаевты еске алуға арналған Азия кубогінде шығысқазақстандық палуан жүлдегерлер қатарынан көрінді, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.

Сайыстың алғашқы күні ерлер үш, әйелдер төрт салмақ дәрежесі бойынша өзара шеберлік байқасты. Бұрымдылар арасында ел құрамасы сапында жерлестеріміз өнер көрсетпеді. Ал 73 келіде татамиге беттеген семейлік Қуан Барыс байрақты бәсекенің қола медалін иеленді. Алғашқы айналымда Қуан отандасы Бауыржан Қасымды жолынан ығыстырып, келесі белдесуінде өзбек елінің өкілі Сардор Каримовты сан соқтырды. Алайда ширек финалда ресейлік Аюб Хаджалиевке есе жіберді. Дегенмен Хаджалиев ақтық сынға шығып, жерлесімізге жүлде үшін талас жүргізуге мүмкіндік туды. Жұбаныш белдесуінде Испаниядан келген Пабло Санчезден, ал кіші финалда ресейлік Самуэль Бабинианнан айласын асырып, ел қоржынына қола жүлде салды. Тағы бір шығысқазақстандық дзюдошы Төлеген Нұрғалиев 66 келіде бесінші орыннан көрінді.

Әділхан ЕСІМХАНОВ