Ресейдің Екатеринбург қаласында өткен «Golden-Tiger-XIII» мультитурнирінде риддерлік Дмитрий Драницкий көрермендерді таң қалдырды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Шығыс Қазақстан облысының атынан Дмитрий бастаған бірнеше спортшы барды. Үздік нәтижеге жеткен риддерлік азамат салмағы өзінен ауыр штанганы бицепске көтерді.
– Негізі, күніне бір рет жаттығу өткіземін. Бірақ жарысқа дайындық кезінде спорт залында екі рет жаттығамын. Әр ісімде менің отбасым, достарым, әріптестерім қолдау көрсетеді, – дейді он жеті жылдан астам уақыт бойы пауэрлифтингпен айналысатын спортшы.
Үш номинация бойынша үш бірінші орынды иеленген Дмитрий Драницкий 52 келі зілтемірді бицепске көтеріп, көктемде орнатқан әлемдік рекордты тағы бір мәрте дәлелдеді. Әуесқойлар арасында өнер көрсетсе де «PRO-дивизион элиталары» нормативін орындады.
Тәнті болған пауэрлифтерлер Федерациясы оған арнайы алтын сақина сыйлап, үздік спортшылар клубына қабылдады.
– Ресейде өткен мультитурнирден кейін бірден облыстық сайыста бақ сынап, 55 келіні еңсердім. Бірақ рекордтарды тек жоғары деңгейлі жарыстарда тіркейді. Сондықтан жетістіктерім әлі ресми қабылданбады. Ол үшін еш көңілім де түспейді. Демек, барлығы әлі алда, – дейді жеңімпаз.