Аймақта аузыменен құс тістеген жүйрік жігіттер саусақпен санарлық. Мәселе марафон сайысына келгенде тіптен ойланып, саусағымызбен самайымызды тырналап қалатынымыз жасырын емес. Жалпы, марафон додасына тісі батып, бет бұрған қазақ жігіттерін сирек кезіктіреміз. 42 шақырымды бір демде жүгіру, күшіңді орынды қолдану жатпай-тұрмай әзірлік жүргізуді қажет етеді. Шемонаиха қаласының тумасы Әмір Байтоқанов жуырда елордада өткен «Астана марафон – 2019» атты халықаралық деңгейдегі ауқымды жүгіру жарысында жүлделі үшінші орынды иеленіп, Шығыс өңіріне медаль сыйлаған болатын. Алыс қашықтықты аптықпай артқа тастаған Әмірмен жолығып, бәсекенің қалай өрбігені жайлы ойын тыңдап қайтқан едік.
Спортшылар шаңырағынан шыққан
Мана айтқанымыздай Шемонаиха шаһарында спортшылар отбасында өмірге келген кейіпкеріміз о баста шаңғы спортымен айналысқан. Әкесі Дүйсембек Арынұлы былғары қолғап бәсекесінде біраз белестерді бағындырса, анасы Дәмен Қайсақызы жеңіл атлетикаға жақын болған. Нақтырақ айтсақ, қашықтықты барьерлермен жүгіріп өтуде аймақ көлемінде алдына жан салмаған. Ендеше, Әмірдің спортты серік етуі кездейсоқтық емес, мақсатты түрде табанды дайындық жүргізіп, шыңдарды бағындыруға деген асқақ арманынан болса керек. Қала берді шаңғы спортына бет бұруына ата-анасының берген бағыты мен қолдауының орасан екені хақ. Кіндік кескен жерінде тоғызыншы сыныпты тәмәмдаған соң шаңғышылар шеберханасы аталып кеткен Риддердегі спортта дарынды балаларға арналған мектеп-интернатына қабылданды. Бұдан соң Өскемендегі С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-да білімін жалғастырып, үлкен спортқа біржола ден қоюды жөн көреді. Алайда студенттік шағының бел ортасына жеткенде жеңіл атлетикаға аңсары ауа бастайды. Яғни 2011-шы жылдан бері алыс қашықтыққа жүгіруді негізге алып, тек осы бағытта алдына тау мақсаттар қойып келеді. Айтпақшы, Әмір шаңғы бойынша спорт шеберлігіне үміткер атағын орындап үлгерген.
– Мұндай алыс қашықтықтарда бақ сынау төзімділікті сынап, шыдамдылықты арттырады. Әу баста шаңғы спортын серік еткенім жеңіл атлетикада өз жемісін берді. Марафон додаларына қатыса отырып өзімнің әлеуетімнің біршама жоғары екеніне көзім жетті. Жалпы, ұдайы тер төгіп, ізденіс жасау қалыпты күн тәртібіме енген, – дейді талай жарыстарда жүлде алып жүрген жерлесіміз.
Алғашқы жарысында-ақ алдына қара салмаған
Табанды жігіттің жеңісті жолын жалғастыра түскен білікті жаттықтырушы Александр Кругликов екенін айта кеткен абзал. Жас күнінде онсайыстан сәтті өнер көрсеткен маман бүгінде жеңіл атлетикадан облыстың аға жаттықтырушысы. Әмірдің айтуынша, үлкен спортқа шыңдап кірісерде бапкер кеңесі жеңісті жолдың бастамасы саналса керек. Бастысы, күш-қуатыңды дұрыс қолдансаң болды, әрі қарай жеңіске деген даңғыл жол ашылмақ. Жерлесіміздың алғашқы ірі сайысы – 2012-ші жылы Алматыда өткен ауқымды марафон. Бірінші бәсеке болса да шабан әзірлікпен бақ сынауды жөн көрмеген Әмір әзірлігін күшейтіп, артынып-тартынып барған. Ол жерде 2 сағат 33 минут уақытын тіркеген жігерлі жігіт мәре сызығын екінші болып кесті. Бұдан кейін өзіне деген сенімі арта түскен Әмірдің жеңісті жорығы басталғандай. Татарстанның Қазан қаласында өткен додада жетінші орыннан көрініп, Сочи жерінде жүлдеге ілікпесе де мол тәжірибе жинап қайтты. Ол ол ма, ел құрамасына ілінген желаяқ өткен жылы Испанияның Валенсия қаласында өткен Әлем чемпионатына қатысып, 185 спортшының ішінде айтарлықтай жоғары нәтиже көрсетті. Одан бөлек, былтыр Өскеменде өткен «Аltay Half Maraphon» жартылай марафонында (21,097 метр) екінші нәтиже көрсетіп, жауапты жарыстарға дайын екендігін тағы бір байқатқан-ды. Сол сында риддерлік Андрей Лейменовке ғана есе жіберген Әмір араға жыл салып Нұр-Сұлтан қаласындағы аламанда үздік нәтиже көрсетті. Спортшының айтуынша, өзінің алдын орап кеткен риддерлік сыралғы қарысыласы елордада өткен додада бақ сынамаған екен. Есесіне қазан айында Тараз қаласында өтетін 20 шақырымдық кросс сайысына белді бекем буып жаттығып жатқан көрінеді. Ал Нұр-Сұлтан қаласындағы халықаралық жарыста Әмір 2 сағат 28 минут нәтижесімен мәреге үшінші болып жетті. Алдына түскені – тек өзбек атлеттері. Жерлесіміздің айтуынша, өзі қатысқан бәсекелерде топ жарып жүлде алуына күнделікті жаттығуының ықпалы зор болған. Мәселен дайындық барысында бірқалыпты жүгіріс кезінде 55 шақырымды артқа тастаған. Ал марафон додасына қатысамын деушілер болса ұдайы ұзақ қашықтықтарға шығып, өзін-өзі шыңдап отыруы тиіс. Дәлірек айтсақ, кәсіби түрде айналысатындарға айына кемі 800 шақырымды еңсеру қажет. Иә, бұл межені тісі батып, батылы жеткендер ғана бағындыра алады. Ал Шемонаиха қаласынан шыққан өжет өрен мұны әдеттегі жоспардың бірі ретінде қабылдай біледі.
Кениялықтардың сәтті өнер көрсетуінің сыры неде?
«Ұзақ қашықтықтарда жүлденің алдын бермейтін Кения, Эфиопия елдерінің қара маржандары қалайша қарсылас шыдатпайды?» деп сұрап көрген едік, Әмірдің айтар жауабы да дайын екен.
– Таңдай қағып, тасада жатқан еш құпиясы жоқ. Күнделікті әзірлік, ағзаны қалыпқа келтіре білу және дұрыс тамақтану. Бастысы – осы үш қағида. Басқа себептеріне үңілер болсақ, олардың басымдығы – теңіз деңгейінен 2500 метр биіктікте өмір сүреді. Ал біз тек 200 метр биіктіктеміз. Былайша айтқанда, кениялықтар көкте, біз жерде тұрамыз десек те болады, – дейді желаяқ езу тартып.
Қызығы сол, біз айтып отырған марафон додасында уақыт шектеулігі бар екен. Қазылар қатысушыларға тегіс алты сағат уақыт береді. Егер осы аралықта жарыс жолын жүгіріп үлгермесе, онда нәтижесі есепке алынбайды. Қазіргі қаймағы бұзылмай тұрған рекорд сол кениялық атлет – Элиуда Кипчогеге тиесілі екен. Қанша дейсіздер ғой? Былтыр Германияда өткен Берлин марафонында 2.01.39 уақытын тіркеген спортшы жеңіл атлетиканың жаңа буынына біршама күрделі меже қойып кеткені рас. Десе де жерлесіміз бұған еш таңданбайды. «Жоғарыда аталған үш қағиданы берік ұстанса, неге үздік нәтиже көрсетпеске?» – деді ол сөз арасында. Өзінің жеке рекорды – 2.26.30. Бұл нәтижені былтыр елордада өткен кезекті марафон сынында тіркеген-ді. Өңірімізде ұзақ қашықтықтарда сәтті өнер көрсететін қазақтың қарадомалақтары некен-саяқ дедік жоғарыда. Ал тілге тиек етіп отырған Әмір Байтоқановтың жарыс жолын қалай бағындырып, күшін қалай үнемдейтіні көпшілікке қызық болар… Өйтпегенде жеңіске жетуің екіталай.
– Біздің жағдайда диета ұстау аса маңызды. Бәсекеге он күн қалғанда көмірсу тұтынуды тыйып, ақуызға бай тағамдарға ден қойған абзал. Бірақ үш күн қалғанда сол көмірсуларды біртіндеп қолдана бастау қажет. Оған макарон, күріш, қарақұмық...тағы басқалары жатады. Бұл не үшін? Аталған тағамдар ағзаға қосымша қуат беріп, тез әлсіреп қалудың алдын алады. Ал жарыс барысына келсек, әрине, бастапқыда баяу ырғақпен бастаған дұрыс. Яғни шамаңды 30 шақырымға дейін бақылауда ұстап, артық қимыл, болмаса бұрыс дем алудан аулақ болу қажет. Соңғы шақырымдарда қарқынды біртіндеп арттыра түскен жөн, – дейді жерлесіміз.
Желтоқсан айында Қытайға жол тарпақ
Жасырын емес, кейде қалың нөпір арасында қалып қойғандар алға озамын деп талай күшін сарқып алады. Абзалы, сөреден суырылып шыққанда бір ырғақты ұстап, мәреге жету үшін бірқалыпты жүгірісті естен шығармау керек. Соңғы он шақырымда сайыстың тағдыры таразыға түседі екен. Жүлдеден үміттілері топталып жүгірсе, әдістен жаңылғандары сан соғып, жылдамдықтарын төмендете береді-міс. Өзектісі сол, жалқаулықты жеңіп, тән саулығын сақтаймын дегеннің әрқайсысы марафонда бақ сынай алады. Жас ерекшелігінің маңызы жоқ, себебі соған сәйкес арнайы санаттары бар.
Бүгінде Әмір үш қарғып секірудің хас шебері Ольга Рыпакова атындағы жеңіл атлетика манежінде жеңіл атлетикадан жаттықтырушы қызметінде. Бүлдіршіндерге бар білгенін үйретуде. Шәкірттері алғашқы нәтижелерін де көрсетіп үлгеріпті. Мәселен Асылжан Тоқтағалин есімді жас спортшы биіктікке секіруден ел чемпионы атанған. Спортшының емін-еркін жаттығуына жұбайы Зарина қолдауын аяған емес. Желаяқ жігіт сәтін салса кішкентай нәрестесін үлкен спортқа тартуды мақсат етуде. Жерлесіміз қатысатын жуық арадағы аламан – желтоқсан айында Қытай жерінде өтетін кезекті марафон сайысы.
Әділхан ЕСІМХАНОВ