Жерлесіміз Ерасыл Қажыбаев күншығыс елінің Осака қаласында өтетін кезекті «Grand Slam» бәсекесінде бақ сынайды. Әзірге дзюдошылар соңғы оқу-жаттығу жиындарын пысықтауда, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Семейлік спортшы Ұлттық құрамадан орын алғалы бері Гран-При, Grand Slam бәсекелерінен шет қалған емес. Десе де соңғы уақытта жүлдегерлер қатарынан көріну бұл спортшы үшін бағындыра алмай тұрған белесі іспетті. Естеріңізде болса, биыл наурыз айында Марокконың Марракеш қаласында өткен Гран-При турнирінде ақтық сынға дейін жетіп, ауыр салмақта көптен бері сарғая күткен жүлдені әперген еді ел қоржынына. Ол кезде ақтық сында германиялық Свен Хайнлға есе жіберіп, күміске қол созды. Әзірге бұл Ерасылдың өз мәнсабындағы ең жарқын жеңісі. Ал қазанның 24-26 күндері Біріккен Араб Әмірлігінде өткен Grand Slam аламанында алғашқы айналымдардың бірінде-ақ сүрініп, әлемдік рейтингіде үш сатыға сырғыған болатын. Десе де Ұлттық құраманың бас бапкері Айдын Смағұлов Жапония елінде өтетін әлемдік сында 100 келіден жоғары салмақты семейлік татами шеберіне сеніп тапсырған екен.
Аталмыш дода қарашаның 22-24 аралығында өтеді. Ел намысын ерлер – 6, бұрымдылар 3 салмақ дәрежесі бойынша қорғамақ.
Әділхан ЕСІМХАНОВ