Өңірдегі мектеп түлектерінің 84,4 пайызы ҰБТ тапсыруға ниет білдірген. Бұл көрсеткіш өткен жылғымен салыстырғанда 8,8 пайызға артты, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Бүгін ШҚО Ақпараттық орталығында өткен брифинг барысында облыстық Білім басқармасының басшысы Сайрангүл Жұмаділова ҰБТ-ның қалай өткізілетіні туралы айтып берді.
– Ұлттық бірыңғай тестілеу 20 маусым мен 5 шілде аралығында өтеді. Тестілеу барысында барлық санитарлық-эпидемиологиялық шаралар қатаң сақталады. Жалпы облыс бойынша 16 ҰБТ өткізу пункті дайындалған. Оның ішінде 4 аймақтық университет пен 12 орта мектеп бар, - деді ол.
Басқарма басшысының айтуынша, биыл ҰБТ-ның тесттік базасы 30 пайызға жаңартылған. Әрбір өткізу пунктінде аппеляциялық комиссиялар құрылмақ. Бұдан бөлек, облыста 2338 баланы ҰБТ пунктіне дейін тасымалдау ұйымдастырылады.
Брифингте Ұлттық тестілеу орталығының ШҚО бойынша филиал жетекшісі Динара Мейірғазина биыл ҰБТ тапсырушыларға калькулятор пайдалануға рұқсат берілгенін атап өтті.
– Бейнежазбаны қарау кезінде талапкерлердің тыйым салынған заттарды пайдаланғаны анықталса, онда ҰБТ нәтижесі мен білім беру гранты жойылады. Сондай-ақ бұрын тестілеу уақыты 3 сағат 50 минут болса, қазір 4 сағатқа дейін ұзартылды, - деді Динара Мейірғазина.