Облыс әкімі Даниал Ахметов ШҚО тұрақтандыру қорының жұмысына баға беретін жаңа бақылау кеңесін құруды тапсырды. Оның құрамына баспа және электрондық БАҚ өкілдері кірмек, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.
Соңғы бес жылда Шығыс Қазақстандағы тұрақтандыру қорының атқарған жұмысы туралы журналистерге толық ақпарат беріледі.
– Осы жылдар ішінде өнім жеткізуші кім болды, міндеттерін қалай орындағаны туралы айтылуы керек. Азықтың қайда сақталатынын, арнайы апарып көрсетіңіздер. Журналистер облыстық тұрақтандыру қорының жұмысын қадағалауға құқылы, — деді аймақ басшысы.
Айта кету керек, бүгінде тұрақтандыру қорындағы қысқы азық толық жиналған. Ауыл шаруашылығы тауар өндірушісі — «Агрофирма «Приречное» ЖШС 7500 тонна көкөніс сатып алынды. Олар қарашадан бастап «Фреш-Маркет», «Жәрдем» базарында, сонымен қатар «Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация» сауда нүктелерінде қолжетімді бағамен сатылады. Үстемақысы 10 пайыздан аспайтын өнімдер сондай-ақ, Өскемендегі 59, Семейде 62 әлеуметтік киоскаларда саудаланады.