ШҚО тұрғындары биыл медицина сапасына қатысты мыңнан астам шағым түсірді

944
көрілім

Шығыс Қазақстан облысының тұрғындары жыл басынан бері медицина сапасына қатысты мыңнан астам шағым түсірген.

 

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры ШҚО филиалы баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, өңір халқы арасынан медицина сапасына көңілі толмай жатқандар аз емес.  

- Қордың басты бағыттарының бірі – азаматтарға көрсетілген медициналық көмектің сапасын бақылап, пациенттер құқықтарының қорғалуын қамтамасыз ету. Осы ретте бірнеше коммуникация арнасы бойынша халықпен кері байланыс орнатылған. Жыл басынан бері бізге шығысқазақстандықтардан 1306 өтініш келіп түсті, - деді филиалдың халықты ақпараттандыру және түсіндіру жұмыстары жөніндегі бөлім жетекшісі Салтанат Адамова.

Оның айтуынша, 1406 бірыңғай медициналық ақпараттық call-орталығы түскен өтініштер саны жағынан көш бастап тұр. Бұл нөмір арқылы 645 адам хабарласқан.

«Арыз-шағымдардың дені медициналық көмектің сапасына және денсаулық сақтау саласындағы басқа да мәселелерге қатысты. Сондай-ақ азаматтар әр түрлі кеңес сұрап қоңырау шалуда», - деді С.Адамова.

Қор мамандары әр шағым бойынша тиісті шара қолданып, кейбір медициналық мекемелерге жоспардан тыс мониторинг жүргізді.