«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының ШҚО бойынша филиалында заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу бойынша Мемлекеттік қызметтерді қалай онлайн алуға болатындығы туралы айтты, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Бұл Қазақстандағы ең көп талап етілетін мемлекеттік қызметтердің бірі.
Тіркеуді шығынсыз әрі жедел ету үшін заңды тұлғаға ХҚКО-ға жүгінудің қажеті жоқ. Әсіресе, шағын және орта бизнес субъектілерін тіркеуге, коммерциялық заңды тұлғаларды қайта тіркеуге немесе таратуға қатысты қызметтер болса, осының барлығын eGov порталы арқылы жасау мүмкіндігі бар. Электрондық өтінішті толтыру жеткілікті. Бір күн ішінде тіркеушінің жеке кабинетіне мемлекеттік тіркеу туралы электронды анықтама немесе бас тарту түрінде жауап жіберіледі. Қажет болған жағдайда бизнесті тіркеу туралы куәлікті басып шығаруға болады.
«Азаматтарға арналған үкімет» ШҚО бойынша филиалы директорының орынбасары Меруерт Тарыбаеваның айтуынша, бизнесті тіркеу процедурасын жеделдету мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру және оңтайландыру үдерісінің арқасында мүмкін болды.
- Егер бұрын өтініш беруші мемлекеттік органға 5 және одан да көп құжатпен келіп, тіркеуді алу үшін деректерді тексеруді 5 күнге дейін күтетін болса, бүгінгі күні электронды түрде барлық рәсім бір күннен аспайды және ешқандай құжат талап етпейді, - делінген мәліметте. - Сондай-ақ келесі қызметтер де электронды портал арқылы онлайн көрсетіледі: Шағын және орта бизнес субъектілерін, олардың филиалдары мен өкілдіктерін бастапқы тіркеу; Коммерциялық заңды тұлғаларды қайта тіркеу; Заңды тұлғаларды, олардың филиалдары мен өкілдіктерін тарату; Акционерлік қоғамды, филиалды (өкілдікті) қоспағанда, жеке кәсіпкерлік субъектісіне жататын заңды тұлғаның, филиалдың (өкілдіктің) орналасқан жерін өзгерту;
Сонымен қатар бүгінгі күні заңды тұлғаның басшысын ауыстыру ең кең таралған және танымал қызмет болып саналады. Қазіргі уақытта eGov.kz электронды үкімет порталы арқылы жүзеге асырылатын заңды тұлғаның басшысын ауыстыру қызметі іске қосылды.
Айта кетейік, жыл басынан бері мемлекеттік корпорациясы 2000-ға жуық заңды тұлға тіркеген.