ШҚО тұрғындары Қар адамының бар екеніне сене ме?

1114
көрілім
Шартты фотосуреттер

«Иә шын айтсам сенемін. Олар адам аяғы баспайтын, өздеріне қауіп келмейтін жақта ғұмыр кешеді. Ашықса, аң-құс аулайды» деп жауап берді облыс тұрғындарының бірі. «Ұсталмаған ұры емес», немесе қолға түспеген екен, ендеше Қар адамының нақты бар екендігі де құпия бөлменің есігі күні бүгінге дейін құлыптаулы дегенді айқындап тұр. Кесіп-пішіп айтқан қорытынды емес, тек кей мәліметтерде кісікиік деп жазылып жүрген, бойы екі метрден асатын алыптың жарық дүниеде мекен етуін ықтималдық тұрғысынан бағамдап көру. Көпшілік жарыса талқыласа да, бар-жоғы бұлыңғыр, кейде сананың ойыны іспетті болған көлеңкелі құбылыс жайлы өңір тұрғындары жуырда қайта бір қозғаған еді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Үржардағы үрейлі оқиға

Ең алдымен мұның анық-қанығына бойлау үшін уфолог мамандар пікіріне жүгінген жөн еді, алайда ол жағы біршама уақытты алатындықтан әзірге қолда бар мысалдарды басшылыққа алдық. Естеріңізде болса, осыдан он жыл бұрын Үржар ауданындағы Қарабұйрат ауылында кісікиіктің көзге түскені жайлы басылым беттерінен бөлек, телеарналар да түрлі материалдар түсірді. Басты дереккөз – Некрасов атындағы орта мектебінің дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Дәлелхан Біләловтің шым-шытырық жайтпен ұшырасуы. Өзі ғана емес, топырлап келіп топталып тұрған нөпір екі сыныптың оқушыларының да үрейін ұшырған. «Ана жақта маймылдар жүр!» деп жанұшыра жүгіріп, бұрын-соңды көзге ілікпеген таңсық сұлбаларды сабақ кезінде өзгелерден бөлініп, шеткерірек ығысқан үш қыз байқаған. Айтуларынша, үсті-басын түк басып, білектері мен сандарындағы жүндері түйенің шудасындай салбырап тұрған. Әсіресе үшеуі едәуір ірі, бойлары биік (2 метрден асады деп шамалады), қалған екеуі салыстырмалы түрде шағындау болғандарымен төртпақ, (тегі жастары болуы керек), бастарының бітімі шошақ төбелі болыпты.

– Оқушыларыма ақ парақ таратып, «Қане, көргендеріңнің суретін салып беріңдерші, тек бір-бірлеріңнен көшірмеңдер» дедім. 15-20 минуттай отырып, біртіндеп парақтарын өткізді. Сенесіздер ме, барлығының суреттері ұқсас, бірнәрсені салып берген, – деді мұғалім.

Қойды қолтықтап әкеткен

Бұл не сонда? Жалпы, дәл осы жайтты редакция тілшісі де дүрліктірген деректен дүйім-жұрт әлі бейхабар болған сәтте басылым бетіне жариялаған-тұғын. Ол кезде оқушылар пікірі де «ә, бар екен» деген ойға жетелеп әкеткен еді. Кейін араға бес жыл салып алып сұлбаның Алтай өңірінде қайта қылаң бергені жайлы ақпар дүр ете қалды. Бұл жолы аулаға кіріп, мал ұрлаған. Қарабұйраттағы жайттан гөрі желілерде кісікиік болуы мүмкін деген түктінің ізі жарияланды. Бұл Алтай ауданындағы ауылдардың бірі болатын. Бір айта кетерлігі, сол суреттердегі іздің өзі аса бір іріліктен ада, табанының ені де анау айтқандай жалпақ болмаған. Кім білсін, мүмкін дене тұрқы шағындау Қар адамы болар. Бұл да бұлыңғыр сәт. Қызығы сол, бір мәрте мал ұрлап, кейін мүлде төбе көрсетпеуі барға қанағат еткенмен бірдей көрінді. Көптің назарын аудармау үшін кейін көзден ғайып болды деп топшыласақ, демек санасында әжептәуір ойлау жүйесі сағым берген есті мақұлық. Сол кезде Серік есімді жергілікті тұрғын қора маңында жүргенде қарсы алдында өне бойын түк басқан еңселі әлдененің тұрғанын көріп, өң мен түстің арасында дел-сал күйде қалады. Бұл күн еңкейіп, ымырт үйіріле бастаған шақ. Қарсы алдындағы қара әлден уақытта қызық дауыстар шығарып, алдыға қарай ұмсына берген. Алып адам кірпік қаққанша Серіктің бір қойын қолтықтап, қашадан секіріп өткен бойы тау жаққа қарай жосылта жөнеліпті. Алтайлық азамат та «күтпеген қонақтың» бойы екі метрден асатынын, қимыл-қозғалысы маймылдыкінен аумайтындығын алға тартқан. Осыдан соң ауыл тұрғындары арнайы топ құрып, өздері «нақ сол» деп болжаған Қар адамын іздеп, тау жаққа қарай беттеді. Табылмады. «Төрт түлік мейлі, айдың күні аманда балаларымызды көтеріп кетпесе болды» деп үрей қамалының қақпасын қағып.

Осындай мысалдар.

«Тік жүретін жануарлар»

Енді түрлі салада қызмет ететін өңір тұрғындары осы хақында не дейді?

– Сенемін, олар алыс жақтарда күн кешіп, аңдарды талғажау етеді (Айдос, студент).

– Жоқ деп ойлаймын, түрлі фильмдер мен деректердегі мәліметтер тегіс жалған (Айгүл, ШҚО #1 кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының маманы).

– Мен сенемін. Ютуб арнасындағы бейнежазбалар тегіннен-тегін әзірленген жоқ шығар. АҚШ, Еуропа ғалымдарының күні бүгінге дейін нақты дерек таппаулары Қар адамы жоқ дегенді білдірмейді деп ойлаймын (Қарақат, сән салонының қызметкері).

– Ол жайлы ойланып көрмеппін. Жоқ болуы керек. Көрдік, жолықтырдық деген пікірлер жиі құлаққа шалынады. Әсілі, орманда көзге іліккендері арнайы, сапалы етіп тігілген киімдегі адамдар сияқты. Бәлкім, олар тік жүретін жануарлар (Гүлжан, облыстық газет тілшісі).

– Жо-о-ға-а, мүмкін емес. Егер қар адамы өмір сүрсе, бөгде ғаламшарлықтар төбе көрсетіп, болып жатқан өзгерістерді осыған дейін байқар едік. Нақты дәлел табылса, жер астында тағы бір әлем бар екендігі де сөзсіз (Мақсат, заң қызметкері).

– Қар адамы, кісікиік, bigfoot, yeti деп жатады. Не нәрсе олар? Тәңірі адамды адам, аңды аң етіп жаратты. Осымен бітті. Ол жайлы айтылып жатқанның бәрі алып-қашпа әңгімелер. (Ерлан, тәртіп сақшысы).

– Бұрын адамдардың тұратын жері болмай орман-тоғай, тау-тасты кезіп тіршілік етті. Ол кезде қазіргідей монша, душ дегендер де болмады. Ұдайы жуыну мүмкін болмаған соң денелері кірлеп, кейін өне-бойларын түк басып кеткен болар. Көп деректерге мән берсек, олар әлі қолға түспеген, демек адамзат атаулыдан жырақта жүреді. Аң аулап, қонақтаған, я болмаса, ұшқан құсты тас лақтырып ұстаулары кәдік. Қысқасы, сенемін (Арайлым, заң қызметкері, Семей қаласы).

Осындай жеті пікірмен тоқталайық. Жеткілікті болар. Қазіргі ақпараттық айқас пен шындықтың шыңына шығуға жанталасқан қоғамда осы бір беймәлім тіршілік иесінің (мүмкін иелерінің) жер шарының бір түкпірінде дара, я болмаса топтасып өмір сүруі де ғажап емес. Олай деуімізге жоғарыда келтірілген мысалдар негіз.

«Жападан-жалғыз қалай күнелтеді?»

Осы тұрғыда біршама елдің ну орманын аралап, адам аяғы баспаған өлкелерді шолып шыққан өлкетанушы, жазушы, қарт орнитолог Борис Щербаковтың да ойын тыңдап көрген едік. Не дегенмен Ресейдің Тайгасына табан тіреп, аң-құс, өсімдік жайлы талай құнды ақпараттар алып қайтқан сыралғы маман.

– Мейлі, бар дейік. Олардың қорегі не? Айталық, қазір тұтас қоғам қамқорлығына алған таутеке, қар барысы сынды аңдар табиғатта бар дүниелермен күнелтсе, әлі бар-жоғы анықталмаған «алып» нені азық етеді? Ғалым-зерттеушілер дүркін-дүркін экспедиция жасап, ізіне түсіп көрмек болды. Ол аз десеңіздер, оған тікұшақ та жұмылдырылды. Мәселен, қар қалың жауатын кейбір заңғар тауларда жануарлар да тым сирек. Ал мана айтқан кісікиік жападан-жалғыз қалай күн кешпек? – деді Борис Васильевич.

Зады, тақырып қозғауға алғышарт болып, түрлі пікірлер бір жерге тоғысқанда тоқтам болар ой осы іспетті. Қарт жазушы Батыс Алтай мен Сауыр жотасы, Жидебай маңы осыған дейін жұмбақ құбылыстар кадрға түскен тылсым өлке екендігін айта келе бірде-бір ұшатын тәрелкенің назарға ілінбегендігін жеткізді. Әлдекімдер Ұлан ауданына қарасты Алғабас ауылындағы көл маңында да бөгде ғаламшарлық жайлы әралуан әңгімелер айтылғандығына тоқталды. Жұртты дүрліктірген сырттан келген зерттеушілер болатын. Өлкетанушы «сонда соншама жыл ғұмыр кешіп жатқан алғабастықтар аңғармай, бұлардың кеп байқап қойғандары ақылға сыймайды» деп қорытты.

– Егер азу тісі түзу әрі өткір болса бұталарды талғажау етулері мүмкін. Онда оларды адам деуге келмес. Себебі адамзат санасы етпен қоректенуге дағдыланған. Осыған қарай ақыл-ойлары жетіле түседі. Дей тұрғанмен ет жеуден моңғолдар алдарына жан салмайды. Ми көлемі тұрғысынан да олардікі ең үлкен, – деп ойын қалжыңмен қорытындылады жерлесіміз.

***

Шығыс өңірінде мақалаға арқау болған тіршілік иесі тұрғысында Алтай ауданында тұрғындардың көріп, суретке түсірген дәлелдері ақылға қонымды. Ең болмағанда, таңсық із расымен де таным көкжиегін ой иіріміне тарта түседі. Алайда ресейлік танымал криптозоолог Игорь Бурцевтің «оңтүстік өлкеде, оның ішінде Жамбыл облысында Қырғызстанмен шекараға жақын жерде ауыл бар, онда жергілікті тұрғын Қар адамымен жиі кездеседі» деуі сенімнің әлі жоғалмағандығын ап-анық аңғартады. Оған салса, жергілікті тұрғындар кісікиікке тіпті азық беретін де көрінеді. Жұмбақ жайт. Шынымен-ақ, жалғанда жауабы табылмаған сұрақтар әлі жетерлік.

Әділхан ЕСІМХАНОВ