Зайсан ауданынан хабарласқан тұрақты оқырманымыз соңғы айларда қасқырдың қорадағы малға шабуылдауы жиілеп кеткенін айтты. Сондай-ақ, аудандағы қызыл кітапқа енген аң-құстар да оларға жем болып жатқан көрінеді. Жалпы суық түскелі бері аймағымызда қасқыр көбейіп кеткен деседі халық. Түз тағысының отарларға жиі қанды қырғын жасап, қазақтың асырап отырған малына ортақтасып кететін жайы бар, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.
Атап айтсақ, облыс бойынша Зайсан, Катонқарағай, Тарбағатай аудандарында қасқырдың шабуылы жиі орын алып отырады. Алайда, Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының айтуынша, аталған аудандардан әзірше мәліметтер мен шағымдар келіп түскен жоқ.
2016 жылғы есеп мәліметтеріне сүйенетін болсақ, облыс бойынша қасқырлардың саны 1010 басты құрайды. «Зоология институты» РМК ұсынымы бойынша бұл санның 50%-ын атуға рұқсат етілген екен.
Биологиялық тепе-теңдікті сақтау мақсатында жыртқыш жануарлардың сананы реттеу үшін осы жылға «Семей ауданаралық аңшылар қоғамы» қоғамдық бірлестігімен басқарма арасында келісім-шарт жасалды. Соның шеңберінде қзаіргі таңда қасқырлар санының басымдылығы және олардың мекендеу ортасы мен таралу аймағы туралы мәліметтер жинақталуды. Жыртқыш жануарлардың қауіптілігі жоғары жерлерде авиациялық және өтімділігі жоғары техниканы қолдану арқылы қасқырларды атып алу жұмыстары ұйымдастырылады.
2017 жылғы 1 қарашадағы жағдайы бойынша Катонқарағай ауданында 26, Зайсанда 5, Тарбағатайда 37 қасқыр атып алыныпты.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, қасқыр атуға рұқсат қағаз алу қажет емес. Аудан аумағында әуесқой аңшыларға кез келген мезгілде қасқыр атуға болады екен. Әрбір ауланған қасқыр терісіне жергілікті бюджет есебінен сыйақы да қарастырылған. Қасқыр терісіне 12000 теңге, бөлтірік терісіне — 6000 теңге.
Біздің аймақта қасқыр санын азайтумен әлек болса, еліміздің төрт облысында қасқыр атуға екі жылға мораторий жаряламақшы. Себебі далалы өңірлерде бұл жыртқыш аңның саны күрт төмендеп кеткен екен.
Көкбөрінің ұрпағымыз деп есептеген бабаларымыз бұл жыртқышты ержүректіктің, батырлықтың символы ретінде ежелден ерекше кие тұтқан. Ежелгі түріктер бөрінің суретімен байрағын өрнектесе, қазақта әлі күнге қасқырдың тырнағы мен тісін тұмар етеді. Дегенмен, мал десе жанын берер қазағымыз осылай құрметтейтін түз тағысын атуға да мәжбүр болып отырады.
Мадина ҚАЙНАРОВА