Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының сарапшылары бірінші тоқсандағы азаматтардың өтініштеріне мониторинг жүргізді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Анықталғандай, шағымданушылардың басым бөлігі дәрігерлердің медициналық көмек беруден бас тартқандығына наразы. ШҚО-да сақтандыру қорына жыл басталғалы 706 өтініш келіп түскен. Соның ішінде 450 азамат медициналық кеңес алса, қалған 256-сы шағым. Кейінірек 125 адам өтініштерін қайтарып алған.
Шығысқазақстандықтар тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі мен МӘМС шеңберінде кей мекемелердің дәрі-дәрмек беруден (амбулаториялық емдік қамтамасыз ету және медициналық мақсаттағы бұйымдар) бас тартқанына наразы.
Қор сарапшыларының өздері де медицинадағы кемшіліктерді анықтап, ұзын-ырғасы 68 375 ақау тапты. Соған сәйкес медициналық мекемелер 510,4 млн теңге көлемінде айыппұл төлеген.
Шағымды міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) қорының байланыс нөмірі мен арнайы қосымшаларында қалдыруға болады:
• qoldau 24/7 мобильді қосымшасы;
• Ресми сайт fms.kz ресми сайты;
• @ Saqtandyrýbot Telegram әлеуметтік желісіндегі бот;
• Байланыс орталығы: 1414.