Шығыс Қазақстан облысы тұрғындарына жылу ақысына төлеген 354 млн теңге қайтарылады, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Табиғи монополияларды реттеу комитеті Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаменті жылумен жабдықтау қызметін көрсеткен кәсіпорындармен бірлесіп, өткен жылыту маусымының қорытындысы бойынша сыртқы ауаның нақты температурасын ескере отырып, жылу қызметтерінің құнын қайта есептеді. Соның нәтижесінде өңір тұрғындарының жылуға қанша теңге артық төлегені белгілі болды.
-2023-2024 жылдардағы жылыту кезеңінде халыққа қайтарылатын қаражат сомасы 354 460 648 теңгені құрайды. Оның ішінде Риддер қалалық ЖЭО – 50 401 399 тенге, «Өскемен жылу желілері» АҚ – 220 034 733 теңге, «Востокэнерго» ЖШС – 72 065 099 теңге, «Күршім» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны – 857 869 теңге, «Л-ТВК» ЖШС – 8 761 664 теңге, «Серебрянск және Жаңа Бұқтырма кентінің жылу-су орталығы» МКК – 1 069 194 теңге, «Зайсан» ШЖҚ КМК – 1 270 689 теңге, - деп хабарлады департаменттен.
Айта кету керек, енді барлық тұтынушы коммуналдық жылу есептегіштерін пайдалануға ауысатындықтан, тұтынушы тек нақты тұтынылған жылу энергиясының сомасын төлейді және сәйкесінше қайта есептеу қажет болмайды.