ШҚО Өңірлік коммуникациялар орталығында өткен жиында аймақ бойынша жайылым жерлереріне қажеттілік пен пайдаланылмағаны үшін қан гектар жер телімі қайтарылғаны айтылды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Белгілі болғандай, облыста барлығы 20 млн гектар жайылым бар. Нақты айтсақ, ауыл шаруашылық мақсатта пайдаланылатын – 10 млн га, шаруа қожалықтарының иелегінде – 2,5 млн га, мемлекет меншігінде – 6,5 млн гектар жер. Өткен жылдың қаңтар айында Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Бас прокуратурамен бірлесе бос қалған және дұрыс пайдаланылмаған жерлерді қайтарып, ауыл тұрғындарына беруді тапсырды.
– Аталған тапсырманы орындау мақсатында былтыр өңір аумағында облыс әкімі аудан, қала басшыларымен бірлесе тұрғындарды жайылыммен қамтамасыз ету бойынша жұмыстар жүргізді, – деді ШҚО Жер қатынастары басқармасының басшысы Надежда Михейлис. – Өткен жылдың ақпан айындағы жағдайға сәйкес жайылымға деген қажеттілік 1,4 млн гектарды құрады. Маусым айында өңір басшысының тапсырмасы бойынша құзыретті органдар, әкімдер, ауыл шаруашылық, жер қатынастары және ветеринария мамандарының топтасуымен жұмыс тобы құрылды. Ал қыркүйектегі көрсеткіш бойынша облыс көлемінде бір миллион гектар жайылымға қажеттілік байқалған.
Қазіргі уақытта аймақ бойынша 146,2 мың гектар жайылым жетіспеушілігі анықталды. Жер телімдерін мақсатсыз пайдалану фактілері де тіркелді. Оның басты себептері мынада: қала, аудан әкімдері дұрыс пайдаланбағандары үшін 16 мың гектар жайылымды тәркілеген. Одан бөлек, шалғайдағы жайлымның да бұрыс пайдаланылуы сынды жайттар себеп болды.
Шаруагерлер мен ауыл тұрғындарына жетіспей жатқан 146,2 мың гектар жайылымды үлестіру биыл және келер жылы да жалғасады. Мұны қала, аудан әкімдері өз бақылауларында ұстайды.