Өңір тұрғындарының көпшілігі COVID-19-дан қорғану тәсілдерін меңгеріп, сақтық шараларына мұқият мән беруде. Мұндай мәліметті облыс әкімі Даниал Ахметовтың тапсырмасымен өңірдегі барлық қалалар мен аудандарда жұмыс істеп жатқан ақпараттық-түсінік тобының өкілдері ұсынды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Небәрі бір күн ішінде еріктілер, қоғам белсенділері, дәрігерлер бес мыңға жуық шығысқазақстандыққа сауалнама жүргізіп, жиі қойылатын сұрақтарға жауап алған.
Сәуір айымен салыстырғанда қазір коронавирусқа сенбейтіндер қатары сейілді. «Коронавирустың бар екендігіне сенесіз бе» деген сұраққа 5159 адам «иә» деген. Ал «жоқ» деген жауапты індет өршіп тұрған үш ауданнның тұрғындары айтқан. Атап айтсақ, Жарма ауданында – 200, Шемонаиха ауданында – 69 және Бесқарағай ауданында 46 адам «жоқ» деп жауап берді. Қазір қалаларда жұқпалы вирусқа сенбейтіндер жоқ десе де болады.
Әзірге жедел-түсінік тобының алға қойған мақсаты - тұрғындар ЖРВИ жұқтырса және коронавирус симптомдары байқалса не істеу керектігі жайлы дұрыс нұсқаулық беру. Сауалнама көрсеткендей, өңір тұрғындарының басым бөлігі індет симптомдары байқала бастағанда не істеу керектігінен бейхабар. Нақты айтсақ, өзін-өзі емдеу шараларынан 4490 адам хабардар болса, 914 тұрғынға бұл сұраққа жауап қиынға соққан. Сондай-ақ сауалнама нәтижесінде аймақ тұрғындарының барлығы дерлік санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтайтындықтары белгілі болды. Оның ішінде, үнемі медициналық маска тағып жүру, көпшілік жүретін жерлерде арақашықтықты сақтау сынды шаралар. Нақты мәлімет келтірсек, шектеу шараларын 4586 адам сақтаса, 398 адам жалпыға ортақ талаптарға құлақ аспаған.
Жедел-түсінік тобы қолға алған жұмыстарын әрі қарай жалғастырып, ең алдымен ЖРВИ-дан сақтану жолдарын түсіндіруді басшылыққа алуда.