Биылдан бастап мектептерде «Кәсіпкерлік негіздері» пәні оқытылады. Аталған пән оқушылардың болашақта жеке кәсіппен айналысуға деген қызығушылықтарын оятып, алғашқы негізін үйретпек, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.
Естеріңізге салсақ, осы жылдан аталған пәнді орта мектеп оқушылары меңгермек. Бұл ретте жоғарғы оқу орындары мен колледждер бұл пәннің маңыздылығын ескеріп, студенттерге одан ары тереңдете оқытуда.
Айта кету керек, пән кәсіпкерлік тарихы, бизнестің түрлері мен рөлін назарға алмақ. Осы орайда өңір мұғалімдері облыс орталығында пәнді жүргізу, ұйымдастыру бойынша дәріс алды.
– Курс тыңдаушылары үшін басты мақсат – оқушылар мен студенттерге жүйелі теориялық білім бере алатындай ақпарат алу. Яғни нарық заманындағы бәсекеге қабілетті жастарды даярлай білу. Бизнестің әр қырларын жан-жақты қарастырып, өз шәкірттеріне жеткізу. Сондықтан нәтижелі жеміс болу үшін келушілерді қабылдауға әрқашан әзірміз, – дейді курс тренері, Өскемен экономика және қаржы колледжінің оқытушысы Жанар Үмітбаева.
Көпшілік білетіндей бүгінгі жастар жеке бизнеспен айналысуға бейімді. Осы ретте стартап жобаларына, қаржы капиталына, өнім мен шығынға қатысты қиындықтарды шешу жолдарын білуі тиіс.
Жанар Үмітбаева және Динара Эльчибаева
– Мен гуманитарлық бағыттағы колледждің оқытушысымын. Алайда кәсіптен нәсіп көруге қазіргі жастардың барлығы құқылы. Көп жағдайда сабақтан тыс уақытта студенттеріміз кішігірім жеке кәсіптерімен айналысып жүреді. Көргенде көз қуанады. Еңбекке үйреніп, кәсіптің сырын біледі, – деді ШҚГК-нің тарих және құқықтану пәнінің оқытушысы Динара Эльчибаева.
Данияр ЗАЙНЕЛОВ