ШҚО зейнеткерлері мен ардагерлері шипайжайда тегін ем алады

579
көрілім
Фото - Шығыс Ақпарат.

Шемонаиха ауданындағы «Уба» шипажайы Кенді Алтайдың қарттарын қамқорлыққа алған. Мұнда қариялар жанға – шуақ, тәнге – қуат жинап, сыр берген денсаулықты қалпына келтіреді. Облыс әкімі Даниал Ахметов мекемеге ат басын бұрып, қызметтің сапасын саралап қайтты, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.

Шипажай бір мезетте 200 адамды қабылдауға қауқарлы. Кешенді ем-домды ҰОС ардагерлері, тыл еңбеккерлері мен Чернобыль АЭС апат салдарын жоюшылар, зейнеткерлер мен көпбалалы аналар алады. Ардагерлермен кездескен облыс әкімі оларға белсенді өмірлік ұстанымдары үшін алғысын білдірді.

– Қазақстанның, біздің өңірдің дамуы хақында еткен еңбектеріңіз ерен, біз оны жоғары бағалаймыз. Шын жүректен ардагерлеріміз бен зейнеткерлеріміз емдеу-алдын алу, сауықтыруға бағытталған тамаша орындарда денсаулықтарын жақсартып, демалғандарын қалаймын. Осындай іске өзге де мекемелерді тарта отырып, қолдағы мүмкіндікті қолдана, қызмет көрсетушілер қатарын арттыратын боламыз, — деді аймақ басшысы Даниал Ахметов.

Жыл сайын шипажайда 6 мыңға жуық зейнеткер денсаулықтарын сауықтырады. Демалушылар үшін барлық жағдай жасалған. Кешенді емдеу санатына балшықпен, сумен емдеу, массаждың әр түрі, физиологиялық, тамақ булау сияқты ем түрлері кіреді.