ШҚО Жастар театры Ақтөбедегі фестивальдан олжалы оралды
Шығыс Қазақстан облыстық Жастар театры Т.Ахтанов атындағы Ақтөбе облыстық драма театрының ұйымдастыруымен өткен Қазақстан драма театрлары арасындағы II Республикалық «Балауса» эксперименталды қойылымдар фестиваліне қатысып, «Ең үздік актерлік ансамбль» номинациясына ие болып қайтты, деп хабарлайды buqara.kz сайтының тілшісі.
Қазақстан драма театрлары арасында өткен II Республикалық «Балауса» эксперименталды қойылымдар фестиваліне еліміздің түкпір-түкпірінен барлығы тоғыз театр ұжымы қатысқан болатын. Белді театрлар бақ сынасқан өнер додасында көрсетілген қойылымдар бес номинация бойынша сынға түсті. Өңіріміздің намысын қорғауға барған Жастар театры «Қымбатты Елена Сергеевна» спектаклін қойып, «Ең үздік актерлік ансамбль» номинациясында жеңімпаз атанды
– Құрылғанына екі жыл тола қоймаған Жастар театры алғаш қатысқан фестивальден жүлделі орын алып, театр әлеміндегі орнын айшықтай түсті. Бұған актерлердің шеберліктерін үнемі шыңдап, кәсіби біліктіліктерін арттыру үшін Алматы мен Астанадан арнайы мамандарды шақырып, бар жағдайды жасап отырған театр директоры Дінмұхамет Мамырқанұлының қосқан үлесі зор, – дейді Жастар театрының әдебиет бөлімінің меңгерушісі Ұлпан Тоқаева.
Талғатжан МҰХАМАДИЕВ