ШҚО Жастар театры жаңа маусымдағы жоспарларымен бөлісті

1037
көрілім
Құрылғанына 3 жыл толатын ШҚО Жастар театрының биылғы маусымда көзқарақты көрерменге ұсынары көп. Республикалық және халықаралық фестивальдарда талай мәрте сынға түсіп, оның әрқайсысында жүлделі орындарды иеленіп жүрген жас театр ұжымы жаңа маусымды Қазақстанда алғаш рет қойылып отырған «Бикештер» авантюралық комедиясымен бастады, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.

Кезекті Театр маусымына қанат қақпас бұрын ШҚО Жастар театры баспасөз брифингін өткізіп, жетістіктерімен, жоспарларымен бөлісті.

Жақында Астанада тұңғыш рет ұйымдастырылған Қайрат Сүгірбеков атындағы жас режиссерлерге арналған форум фестивальға және 5 елдің 11 театр ұжымы бақ сынасқан Бішкек қаласындағы дәстүрлі халықаралық фестивальға қатысып, екі жақтан да жүлделі оралдық. Театрымыздың аңысын аңдап, қабілетін бағамдаған сарапшылар алқасы бізге жоғары бағасын берді. Бұл аядай ұжымға үлкен жетістік, алдыға деген серпіліс, – дейді Жастар театрының әдебиет бөлімінің меңгеруші Ұлпан Тоқаева.

Биыл ШҚО Жастар театрының құрамына 9 актер келіп қосылған екен. Бірлігі мықты жас ұжым мүшелері жаңа маусымда облыс халқын сан түрлі қойылымдармен, ерекше концерттермен қуантпақ. Театрдың көркемдік жетекшісі Айдын Салбановтың айтуынша, көрермен назарына алдағы уақытта саунд-драма жанрындағы қойылым ұсынылады. Сонымен қатар, дәстүрге айналған «Театр түні» де жоспарға енгізілген.

Театрымыздың 3-маусымын Кен Людвигтің «Бикештер» авантюралық комедиясымен бастадық, – дейді Айбын Салбанов, – Қойылымның режиссері – ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Ақыш Омар. Комедия желісінде – жұмыссыз қалған екі актер егде жастағы бай әйелдің ертеректе жоғалған сіңілдеріне мол мұра қалдырғанын естіп, қыз болып киініп, өздерін басқа адам етіп көрсетеді. Екі досты шытырман оқиға, жаңа орта және шынайы махаббат күтіп тұр. Бұл қойылымды Жастар театрының қатарын енді толтырған жас актерлер сахналайды. Жалпы биыл алға қойған жоспарларымыз аз емес. Бірақ оның барлығын жария етпей, құпия ұстағанымыз дұрыс болар.