ШҚО Жастар театрының режиссері Айдын Салбанов Башқұртстаннан жеңіспен оралды

612
көрілім

Жақында Башқұртстанның Уфа қаласында бірнеше мемлекеттік өнер иелері бақ сынасқан режиссерлер лабораториясы ұйымдастырылды. Бұл сайыста Шығыс Қазақстанның намысын қорғаған облыстық Жастар театрының көркемдік жетекшісі, әрі режиссері Айдын Салбанов қарсыластарын басып озып, жеңіс жалауын желбіретті, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.

23-27 қараша аралығында өткен режиссерлер лабораториясы Ресей Федерациясының театр қайраткерлері одағы мен Башқұртстан Республикасының заманауи драматургия және режиссура орталығының қолдауымен өтті. Ауқымды шара атақты драматург Александр Вампиловтың 80 жылдығына арналып отыр.

Аталған лабораторияға қатысқан режиссерлер Александр Вампиловтың «Прошлым летом в Чюлимске» пьесасынан үзінді қою керек болды. Өңіріміздің атынан өнер көрсеткен Шығыс Қазақстан облыстық Жастар театрының режиссері Айдын Салбанов 6 режиссердің ішінде үздік атанды. Осылайша, ол белді театр сыншылары О. Лоевский мен А. Прониннің жоғарғы бағасын алып, өзге де театр жобаларына шақырту алды.

Уфа қаласында өткен режиссерлер лабараториясы осымен 4-рет өткізіліп отыр екен, – дейді Айдын Салбанов. – Бізге Александр Вампиловтың пьесасынан үзінді қоюға 3 күн уақыт берді. Қарсыластар осал болған жоқ. Күн демей, түн демей еңбектеніп, барымызды салуға тырыстық. Құдайға шүкір, жалпы 40 дауыстың, 29-ы маған бұйырып, жеңіске жеттім. Осындай ауқымды шараға қатысуға мүмкіндік беріп, демеу көрсеткен облыс әкімдігі мен Мәдениет басқармасына алғыс айтамын.