Облыс әкімдігінің кеңейтілген отырысында құзырлы мекеме басшылары өңіріміздегі жолдардың қысқы маусымға деген дайындықтарын баяндап, көктайғақ пен қызыл суға қарсы инертті материалдар мен жанар-жағармай қорының жайын сөз етті, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.
– Өткен жылғы тәжірибені ескере отырып, облыстық маңыздағы жолдардың жиі бұрқасын соғып, қар алып қалатын учаскелеріне стационарлы қар ұстайтын қоршаулар орнатылды, – дейді облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мұрат Мұсатаев. – Қазіргі уақытта орнатылған жалпы ұзындығы 22 шақырымдық қар ұстайтын қалқаншалар мен 1300 метрлік трос арқандар жолды қардан тазартуға кететін шығынды біршама азайтуға септігін тигізбек. Трос қоршаулар «Өскемен-Таулы Үлбі-Северное» тас жолына орнатылса, қар ұстайтын қалқаншалар Күршім, Бородулиха және Жарма аудандарындағы жолдарға қойылуда.
Басқарма басшысының айтуынша, 750-ге жуық қар тазалайтын техника биылғы қыс маусымына сақадай-сай дайын. Бүгінгі күні Умыш асуындағы, Тарғын, Егінбұлақ және Ұранхай ауылдарындағы төрт жылыту пункттерінің жұмыстары пысықталып, дайындығы тексерілген.
– Көктайғаққа және қызыл суға қарсы инертті материалдар қоры да бар, – дейді Мұрат Хабдылжаппарұлы. – 1950 тонна көктайғаққа қарсы материалдар, 68 тоннадан астам жанар-жағармай дайындалып, жол көлігі, төтенше жағдайлар және ішкі істер органдары қызметтерімен бірлескен әрекет жоспары жасалды.