ШҚО жолдарындағы жөндеу жұмыстары арнайы топ өкілдерімен тексерілуі мүмкін

1143
көрілім

Бұл туралы ШҚО Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл аумағында өткен отырыс кезінде айтылды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Алдағы уақытта облыс бойынша кез келген тұрғын өтініш-шағым білдіре алатын парақша, болмаса әлеуметтік желіде арнайы платформа ашылуы мүмкін. Жемқорлық тәуекелдері азаймауы салдарынан қазір жолдағы сапасыздықты болдырмаудың түрлі тетіктері қарастырылуда. Соның бірі мекемелердің бірлесе әрекет етулерімен сабақтасып тұр. Бүгін өткізілген жиын кезінде жауапты тұлғалар жуық арада күш біріктіріп, тиісті шараларды қатаң бақылауға көшетіндей. Әлдебір сайт ашу жайлы сөз қозғалды, бірақ байланыс ұстамайтын аумақта бұл тиімсіз саналды. 
- Алматы-Өскемен бағытындағы жөнделіп бітпеген жол учаскелері тұрғындар тұрмақ, мердігерлерді әбден діңкелеткен. Алматыға жол тартып едім, Жетісу өңіріне таяған тұста қауырт тірлік қамымен жүрген техникалар қарасы көп. Бізде жым-жырт, - деді «Әділдік жолы» АҚБ ШҚО филиалының басшысы Әділ Пшенов.
Мұндай олқылықтың барын «QazAvtoZhol» ҰҚ» АҚ ШҚО филиалының директорының орынбасары Олжас Ахметов жасырмады. Оның сөзінше, мердігерлер өгізаяңға басқан.
- Осыған дейін жұмысты аяқтауға тиіс болған мердігерлер баяу жұмыс істеген болып тұр. Бірақ жуырда басқа мекеме келіп, жұмысты жалғастырып жатыр. Қазір Аягөз бен Таскескен аралығында жол әлі бітпеген. Бұрынғы мердігерлермен келісімшарт үзіліп, жергілікті компания іске кірісті. Бұл ретте оларға келесі жылдың соңына дейін жолды қолданысқа беріп үлгеруге тапсырма берілді. Алматы-Өскемен бағытындағы тасжолда осындай олқылықтар бар - деді Олжас Салютбекұлы.
Сөз соңында жергілікті тұрғындарды тарта отырып, арнайы жұмыс тобы құрылғаны жөн деген байлам жасалды.