Қостанайда өткен ауыр атлетикадан жасөспірімдер арасындағы жеке-командалық ел чемпионатында жерлестеріміз алты жүлде иеленді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Бір аптаға созылған сайысқа еліміздің әр түкпірінен 250-ден астам спортшы жиналды. Жасөспірімдер де, қыздар да 10 салмақ дәрежесінде жүлделі орындарды сарапқа салды. Облыстың алдыңғы қатарлы атлеттері де аталмыш сынға тыңғылықты әзірлікпен жол тартқан болатын.
Денис Девяткин, Мақсат Азбаев, Кирилл Кривицкий сынды бапкерлердің қоластында жаттығатын спортшыларымыз аталған жарыста 1 алтын, 3 күміс және 2 қола медаль иеленіп, өңірдегі ауыр атлетика деңгейінің кенжелеп тұрмағанын байқатты.
Десе де жекелей көрсеткіштерге зер салсақ, қызылордалықтардың бабы келісіп, жасөспірімдер де қыздар да үш алтын медальдан иеленді. Бұрымдылар арасында Алматы облысынан келген атлеттердің мерейі үстем болып, үш алтын медаль олжалады. Ал жерлестерімізден 81 келіде Темірлан Оқашев 249 (110+139) кг қола, 89 келіде Олег Александров 256 (114+142) кг күміс, 102 келіден жоғары салмақта Рахметәли Қайырбаев 230 (100+130) кг үшінші орын иеленіп, тұғыр сатысына жайғасса, қыздардан 40 келі салмақта Александра Беленко 100 (45+55) кг күміс, 71 келіде Александра Ананьева 142 (62+80) кг күміс және 76 келіге дейінгі дәрежеде Екатерина Жильникова 134 (61+73) кг алтын жүлде еншіледі.
Әділхан ЕСІМХАНОВ