Шығыс Қазақстан облысында қыркүйек айынан 1000-нан астам жігіт әскерге аттанады, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
4 қыркүйекте ер азаматтарды күзгі мерзімді әскери қызметке шақыру науқаны басталады. Шығыс Қазақстан облысынан мыңнан астам жігіт әскерге қабылданбақ. Жалпы жыл сайын әскерге шақырылғандар саны артып келеді. Бұл туралы баспасөз мәслихатында Өскемен қалалық қорғаныс істері жөніндегі басқарма бастығының орынбасары Олег Нетребка мәлім етті.
«Әскерге бару әрбір жас ер азаматтың заңмен бекітілген міндеті. Әскери қызметтен жалтару қылмыстық және әкімшілік жауапкершілікке әкеліп соғады. Осы ретте, азаматтарды әскери қызметке шақырудан кейінге қалдыру немесе мүлде босатуға көмек көрсетемін деп ақша сұрайтын алаяқтардан абай болу қажет», - дейді ол.
Бүгінде әскерге шақыру қағазын тұрғылықты жері немесе жұмыс орны бойынша немесе 1414 қызметінің SMS хабарламалары арқылы алуға болады. Әскерге шақыруды кейінге қалдыру немесе босату электронды үкімет порталы арқылы жүзеге асырылады.