Өңірдегі оқушы орындарының тапшылығы мәселесін шешу, тозығы жеткен мектептерді қалпына келтіру мақсатында өңірде 5 мектеп және «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 10 мектеп салынады, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Оның 5-і – Өскеменде, екеуі – Риддер мен Шемонаихада, 3-і Глубокое ауданында бой көтермек.
Ал құрылысы жоспарланған 1200 орындық екі мектепке келсек, мемлекеттік тілде оқытатын 600 орындық білім ошағының біреуін «Казцинк» компаниясы бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі шеңберінде салса, екіншісінің іргетасы ұлттық жоба аясында қаланбақ.
- Қазақ тілін жақсы үйренгісі келетіндер үшін "Қонақжай отбасы" жобасы іске асырылды. Балалар 20 күн бойы Катонқарағай ауданының ауыл тұрғындарының отбасында тұрып, қазақ тілінде сөйлеп, халықтың тұрмысы мен дәстүрін үйренді. Келер жылы жобаның географиясы кеңейтіледі, - делінген облыс әкімдігі ұсынған мәліметте.
Сонымен қатар облыста мектепке дейінгі білім берудің қолжетімділігі мәселесі толық шешілген. Бүгінгі таңда әлеуметтік осал отбасылардан шыққан 5 мың бала балабақшаға тегін барады.
22 мың оқушы формамен, аяқ киіммен және оқу құралдарымен қамтамасыз етілген. Аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан шыққан балалар 100% жазғы демалыспен және сауықтырумен қамтылған.
1-4 сынып оқушыларының барлығы тегін тамақ ішеді.
Білім беру мен өндірістің өзара байланысы өте маңызды. Дуальды оқыту шеңберінде жылу энергетикасындағы кадр тапшылығы мәселесі шешілуде. Осы жылдың күзінен бастап студенттер Согра, Өскемен ЖЭО-ларда тағылымдамадан өтеді.