Аталған бағытқа осынша мол қаржының бөлінуі әлеуметтік желілер арқылы көп адамның наразылығын туғызып жатыр. Мәлім болғандай, осыдан бес жыл бұрын 6,9 млрд теңге сомасына орнатылған бейнебақылау жүйесі өз жұмысын тоқтатты, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Қаладағы фото-видеотіркеу және бейнеталдау жүйесі 2019 жылы енгізілген еді. Оны жүзеге асыруға «Көркем Телеком» мекемесі жауапты болып, мемлекеттік-жекеменшік серіктестігі аясында жалпы саны төрт мыңға жуық бейнекамера орнатылды. Бірақ өткен айдың басында ауқымды жүйе өз жұмысын тоқтатты.
ШҚО жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы өкілдерінің ақпаратынша, жолдағы және қоғамдық қауіпсіздікті модернизациялау бойынша өткізілген тендерге бес компания қатысты. Оның ішінде бұрынғы компания да бар. Тендер қорытындысы бойынша Satory Companu LTD ЖШС қызметтер үшін ең аз соманы – 10,1 млрд теңгені ұсынып, жобаны жеңіп алды. Айта кетейік, бұл үш жылға есептелінген келісімшарт. Ал бұрынғы жүйе иесі «Көркем Телеком» ЖШС тендер нәтижелерімен келіскен жоқ. Соған сәйкес қазір аудиторлық тексерулер жүріп жатыр. Ал жаңа жеткізушіге жүйені қабылдау-тапсыру жағы орындалды. 200 жаңа камера негізгі көшелердің бойында орнатылып қойды.
- Жүйені ауыстыру, қызмет көрсетушіледі өзгерту оңайға соқпады. Барлық бейнекамера бұрын жолаушылар көлігі басқармасына және серверлік камераға тиесілі болса, желі «Көркем Телекомның» құзіретінде. 13-ші шілдеде" Көркем Телеком " арасындағы келіссөздерден кейін олар барлық логин мен құпиясөзді берді. Бүгінгі таңда бейнебақылау камераларының жартысы әдеттегідей жұмыс істейді. Тәртіп бұзушылықтар тіркелуде, суреттер бұрынғыдай сақталып жатыр, - деді ШҚО жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Нұржан Жұмаділов.
Жаңа жоба аясында бейнекамералар санын 5 мыңнан асыру жоспарлануда. Сонымен қатар, Өскеменнен басқа, олар Риддер мен Алтай қаласында орнатылады. Жолақтар мен қиылыстар саны артады. Шенеуніктер сөзінше, жаңа жүйеге сенім артуға болатынын айтты.
- Жаңа камераларда уақыт сақталады, яғни бейнебақылау түсірген нақты уақытты көрсетеді. Түнде суреттерді анық түсіреді. Бұл камераларда озық жасанды интелект жұмыс істейтін болады. Мысалы, адамның қолында не бар екенін анықтайды. Егер камера қаруға ұқсас затты көрсе, онда ол бірден дабыл қағады, - дейді Нұржан Жұмаділов.
Бұрынғы "Сергек" бейнекамералары қала аумағынан біржола алынып тасталмайды. Олар бір-бірден бөлшектеліп, аулаларда, қараңғы аллеяларда және қылмыс көп болатын жерлерге орнатылмақ.
Бірақ осы ақпаратты естіген тұрғындар әлемжеліде мұның мол қаржыны болмашы нәрсеге жұмсау екендігін айтты.
Зере ТАУБАЙ