Бұл туралы мәліметті облыстық Денсаулық сақтау басқармасы өкілдері айтты, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
ШҚО Денсаулық сақтау басқармасы медициналық көмекті ұйымдастыру және стратегиялық даму бөлімінің бас маманы Еркін Семейхановтың сөзінше, бүгінде өңір бойынша диспансерлік есепте 201 140 адам тұр.
- Оның ішінде 181 761-і ересектер, 19 379-і балалар. Белгілі бір аурулармен 125 357 пациент тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілмек. Диспансерлік пациенттерді дәрілік заттармен қамтамасыз ету үшін медициналық ұйымдар жалпы сомасы 12,33 млрд теңгеге өтінім берді, - деді Еркін Семейханов.
Оның ішінде, тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (ТМКБК) аясында 12,121 млрд теңге, МӘМС шеңберінде 0,197 млрд теңге.
Сондай-ақ, жауапты тұлға 1 қарашадағы жағдай бойынша тегін дәрі-дәрмектермен қамтамасыз ету шеңберінде жалпы сомасы 10,2 млрд теңгеге 823 049 рецепт жазылғанын алға тартты.
- Бір пациентке орта есеппен 6 рецепт тағайындалды. Дәрілік терапияның орташа құны 75.5 мың теңгені құрайды, - деді ол.